Беларусь және Өзбекстан елдерінен келген делегацияны Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті мен Сот сараптамасы орталығының басшылығы қарсы алды.
Шетелдік әріптестер назарына Астанадағы сот сараптамасы институтының халықаралық стандарттарға сай өндірістік базасы ұсынылды. Қызмет бағыттарына қарай химиялық-биологиялық зерттеулер, гистологиялық бөлім, жалпы сараптама бөлімінің мәйітханасы, тир және вагон қорабы бойынша экскурсия жүргізілді.
Сонымен қатар «Е-сараптама» ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл қағаз бастылықтан және сот сараптамаларын өндірудегі келеңсіздіктерден арылуға мүмкіндік береді. Бұл сарапшылардың ғана емес, сондай-ақ соттар мен құқық қорғау органдарының қызметіне де оң әсерін тигізеді.
Тәжірибе алмасу барысында қаламсаппен графикалық планшет арқылы жасалған қолтаңбаны жан-жақты зерттеу әдісі ұсынылды. Бұл әдіс қолжазба мен қолтаңбаны зерттеу саласында жетілдірілген.
Шетелдік әріптестер жұмыс жасау тиімділігін арттыру және елдер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға, одан әрі тәжірибе мен білім алмасуға дайын екендіктерін білдірді.