Қазақстан Марракеш шартына және Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісіміне қосылу жөніндегі жұмыс бастады

Қазақстан Марракеш шартына және Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісіміне қосылу жөніндегі жұмыс бастады

Бұл туралы ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев Швейцарияның Женева қаласында ДЗМҰ – ға мүше мемлекеттер Ассамблеялары отырыстарының алпыс төртінші сериясы барысында хабарлады.

Сондай-ақ, Азамат Есқараев зияткерлік меншік мәселелері Қазақстан Республикасының назарында екенін айтты. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан зияткерлік меншік құқығын құрметтеуге кепілдік беретіні туралы мәлімдемесі дәлел бола алады.

Азамат Есқараевтың айтуынша, Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы зағип жандар мен көру қабілеті бұзылған адамдарға кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді, олар үшін қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, сондай-ақ қолжетімді форматта жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісімі осы Келісімге қатысушы бірқатар елдерде өнеркәсіптік үлгіні қорғау үшін бір ғана өтінім беру арқылы өнеркәсіптік үлгілерді шетелде патенттеу рәсімін жеңілдетуге көмектеседі, - деп атап өтті ҚР Әділет министрі.

Министр Қазақстан зияткерлік меншік құқығын қорғауға зор мән беріп отырғанын атап өтті.

«Республикада зияткерлік меншік саласын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Онда заңнаманы жетілдіру, мүдделі мемлекеттік органдарды үйлестіру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, қарақшылыққа қарсы күрес және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша нақты қадамдар көзделген.

Сонымен қатар, ДЗМҰ-мен бірлесіп, Қазақстанда технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын құру бойынша жоба белсенді дамып келеді, қазірдің өзінде 21 ТИҚО ашылды. 2022 жылдың шілдесінде Қазақстан алғаш рет ДЗМҰ жазғы мектебін қабылдады. Осы жылдың қыркүйек айында Алматыда ДЗМҰ-ның екінші жазғы мектебі өтеді. Қазақстан патенттерді, тауар таңбаларын және өнеркәсіптік үлгілерді тіркеудің ұлттық жүйесін жақсарту бойынша белсенді жұмыс істеуде», - деп толықтырды Азамат Есқараев. Естеріңізге сала кетейік, 6-14 шілде аралығында Швейцарияның Женева қаласындағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде ДЗМҰ – ға мүше мемлекеттер Ассамблеялары отырыстарының алпыс төртінші сериясы өтуде. Іс-шараға ДЗМҰ-ға қатысушы 200-ге жуық елдің делегациялары қатысады.