Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу саласындағы новеллалар туралы

Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу саласындағы новеллалар туралы

Қоғамдық қатынастарға нәтижелі және мақсатты құқықтық ықпал етуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі құралы нормашығармашылық болып табылады.

Әрбір мемлекет нормативтік актілерді қабылдау жолымен құқық нормаларын жасап, қоғамдық қатынастарда белгілі бір тәртіп қалыптастырады және оны қамтамасыз етіп, қорғайды. Нормативтік құқықтық актілер әлеуметтік болмыстардың күрделенуіне  байланысты өздерінің реттеушілік қызметінің шегін ұлғайтып, азаматтардың бір-бірімен қатынастарына ықпал етуімен адам өмірінің кең ауқымын қамтиды.

Нормативтік құқықтық актілер арқылы мемлекеттік реттеу, адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, олардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауды, қоршаған орта үшін қауіпсіздікті, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк органы.

Өз кезегінде, нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы заңнамаға  сәйкестігіне заңдық сараптама жүргізу, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу - Әділет органдарының  негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Мұндағы мақсат-азаматтардың  конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделеріне қысым жасауға жол бермеу.

Жалпы соңғы бес жылда нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу саласында   ауқымды реформа жүргізілді, осы институт құрылған сәттен бастап қолданыста болған нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тәртібі айтарлықтай өзгерді.

Атап айтқанда, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік органдардың интранет-порталына арқылы электрондық тіркеуге көшкен сәтінен  бастап (2018 ж.) әділет органдарының заң сараптамасын жүргізу мерзімдері едәуір қысқартылды (күнтізбелік 30 күннен 10 жұмыс күніне дейін) және норма шығару процесі барынша оңтайландырылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 872 «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау шеңберінде тиісті НҚА қабылдау үшін мемлекеттік органдардың тікелей құзіретінің болуына қатысты талап «Құқықтық актілер туралы» Заңнан алынып тасталып, бұдан былай жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерден туындайтын нормалар мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілердің тізбесінің мемлекеттік органдардың ережелерімен айқындалатын болады.

Бұл жерде Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының негізінде қабылданатын актілердің Заңмен ғана реттелетіндігін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, мерзімдері мен кезеңдерін екі есеге қысқарта отырып, нормашығармашылық процестерін оңтайландыру мақсатында «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына және тиісті заңға тәуелдi актiлерге өзгертулер  әзірленді.

Өз кезегінде, Министрлікпен әзірленген бұл өзгертулер «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (2022 жылғы 5 қарашада қабылданған) Заңының шеңберінде қарастырылған.

Бұл ретте, осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, Министрлікпен заңнамалық нормаларды жеделдетіп іске асыру мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларында түзетілетін ескертулер (тұжырымдамалық емес) анықталған жағдайда (жобалардың 60% - дан астамы көрсетілген функция арқылы қайтарылады) , әділет органдарымен қайтарылатын, одан әрі мүдделі мемлекеттік органдармен қайта келісу кезеңін қажет етпейтін «заң техникасы бойынша пысықтауға қайтару» функциясы мемлекеттік органдардың интранет-порталына енгізілді.               

Айта кететін тағы бір жайт, алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісу және сараптама қорытындыларын алу, жария талқылау рәсімдері бір уақытта  жүзеге  асырылатын болады.

Бұдан басқа, Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын НҚА тізбесі қатары ұлғайтылды (мысалы, барлық деңгейдегі бюджеттер,  қауымдық сервитуттарды белгілеу, жайылым айналымы схемаларын бекіту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерін бекіту, тағы да басқа актілер).

Осылайша, нормашығармашылық бағытындағы енгізіліп отырған жаңашылдықтар мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуға, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен дербес жауапкершілігін арттыра отырып, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуде жедел әрі сапалы шешім қабылдауына жағдай жасауға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз.