Қазақстан мен Сингапур азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы келісім жасасу мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Сингапур азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы келісім жасасу мәселелерін талқылады

Бұл туралы Астанада Қазақстан Республикасының Әділет министрі Азамат Есқараевтың Сингапур Республикасының Ішкі істер министрі-Әділет министрі Касивисванатан Шанмугам мырзамен кездесуі барысында белгілі болды.
Азамат Есқараевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі азаматтық істер бойынша халықаралық ынтымақтастыққа үлкен мән береді және азаматтық-құқықтық саладағы азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында халықаралық әріптестерімен екіжақты халықаралық шарттар жасасу жөнінде ауқымды жұмыс жүргізеді.
«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Сингапур арасында азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласында келісімдер жоқ. Осыған байланысты азаматтық-процестік өндірістер шеңберінде адам құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастығымызды кеңейтуге ықпал ететін жеке халықаралық шарт жасасу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», – деп атап өтті ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.
Шанмугам мырза келісімді егжей-тегжей талқылауға дайын екенін білдірді.
Айта кету керек, соңғы жылдары халықаралық көші-қонның өсуіне байланысты қазақстандықтардан Сингапур Республикасында азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдесу сұраулары жиі келіп түсуде.
Сонымен қатар кездесу барысында Сингапур делегациясы отандық зияткерлік меншік институтының қызметімен танысты, онда QAZPATENT мамандары шетелдік қонақтарды ұйым жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Өз кезегінде Шанмугам мырза зияткерлік меншік саласында меморандум жасасу мәселесін қарауға қызығушылық білдірді, сондай-ақ қазақстандық тарапқа төрелік бойынша тәжірибе алмасуға шақырды.