Брюссельде Қазақстан мен ЕО арасындағы құқықтық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Брюссельде Қазақстан мен ЕО арасындағы құқықтық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Адам құқықтары жөніндегі диалогтың 14-ші отырысына Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ Сот төрелігі және құқықтық тәртіп жөніндегі кіші комитетінің 20-шы отырысына қатысты.

Тараптар халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының конвенциялары шеңберінде азаматтардың мүдделерін қамтамасыз ету және өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Италия, Хорватия және ЕО-ның басқа елдерімен азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты халықаралық шарттар жасасу туралы келіссөздер жүргізілді. Тиісті халықаралық шарттар азаматтық істер бойынша ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі. Отырыс барысында Ботагөз Жақселекова шетелдік әріптестерін еліміздегі конституциялық реформалар және тараптардың бәсекелестігін арттыру және адвокатураның рөлін күшейту саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Бұдан басқа, Қазақстанның Адам құқықтары саласындағы ауқымды саяси реформаларының іске асырылу барысы жария етілді.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету жөніндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы уағдаласты. Еуропалық тарап адам құқықтарын қорғау саласында қабылданған шараларды және Қазақстанмен саяси диалогтың оң динамикасын сақтаудың маңыздылығын жоғары бағалады, одан әрі ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді.