ҚР Әділет вице - министрі Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті

ҚР Әділет вице - министрі Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті

7 желтоқсан ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Достық үй базасында Қызылорда облысының тұрғындары және қоғамдастық өкілдерімен кездесу өткізді. Бекболат Молдабеков өз сөзін мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында айтқан реформалар топтамасынан бастады.

Әділет министрлігі Конституцияға енгізілген өзгерістердің логикалық жалғасы болған барлық үш Конституциялық заңның негізгі әзірлеушісі болып табылады. Аталған мәселеге қатысты Президенттің тиісті тапсырмасы болды.

Қазақстандықтар көптен күткен келесі өзгеріс-Конституциялық сот құру. Конституциялық Сот туралы заң қабылданды және ағымдағы жылдың 18 қарашасынан бастап күшіне енді. Конституциялық сот өз қызметін 2023 жылғы 1 қаңтарынан бастайды.

Қазіргі уақытта «Нотариат туралы» Заңға қабылданған түзетулермен жылжымайтын мүлікпен мәмілені рәсімдеу рәсімі жеңілдетілді, енді мәмілені азаматтың жылжымайтын мүлкі орналасқан жеріне міндетті түрде бармай-ақ республика бойынша кез келген нотариуста рәсімдеуге болады.

Ағымдағы жылдың 20 маусымында «адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға өзгерістер енгізілді, оған сәйкес аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау құрбандарына, 1 және 2 санаттағы мүгедектерге, зейнеткерлерге құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегіне кепілдік берілді. Бекболат Молдабековтың айтуынша, осы жылдың 11 айында Қызылорда облысында 5 мың азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.

Сонымен қатар, вице-министр АХАЖ саласындағы рәсімді жеңілдету аясында некені тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқартылғанын атап өтті.

«Электрондық үкімет» және «eGovmobile» порталы арқылы туу, неке және қайтыс болу туралы куәлікті электронды түрде алуға болады. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестеге туу туралы куәлікті Екінші деңгейдегі банктердің (Kaspi және Halyk Банктің) мобильді қосымшалары арқылы алуға болады», - деп толықтырды өз баяндамасында вице-министр.

Әділет министрлігі Зияткерлік меншік мәселелерімен де айналысады. Бекболат Молдабековтың ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың 11 айында Қызылорда облысының тұрғындары мен кәсіпорындары берген өтінімдер бойынша тауар белгілеріне 14 куәлік, өнертабыстарға 1 патент, пайдалы модельдерге 5 патент, өнеркәсіптік үлгілерге 1 патент берілді.

Сонымен қатар, атқарушылық іс жүргізу - Қызылорда облысы бойынша ғана емес, бүкіл ел бойынша ең ауыр мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысы бойынша барлығы 12 мемлекеттік және 77 жеке сот орындаушылары қызмет атқарады.

Бүгінгі күнге дейін олардың өндірісінде 341 мың атқарушы өндіріс болып, оның 170 мыңы орындалған. Көрсетілген санның едәуір бөлігін алимент өндіріп алу жөніндегі құжаттар құрайды. Қызылорда облысы бойынша бұл шамамен 14 мың іс.

Бұл ретте жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктерге ие бола отырып, балаларына жәрдемдесуден әдейі жалтарады немесе өз мүлкін жасырады.

Алимент өндіруге қатысты іс жүргізу процессінде сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдайды.

 «Ағымдағы жылдың 11 айында Қызылорда облысы бойынша алимент төлемдері бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 281 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 49 ұсыныс жіберілді, 1562 борышкерге қатысты Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша тыйым салынды», - деді ҚР Әділет вице - министрі.

Берешекті мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде және қоғамдық орындарда орнатылған терминалдар, сондай-ақ Каспий банкі мен Қазпошта мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимде төлеу мүмкіндігі берілді (Kaspi.kz және Post.kz). берешек толық өтелген кезде атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ИЫҰ ААЖ) шоттарға тыйым салуды және шығуға тыйым салуды автоматты түрде жояды.

Бүгінгі таңда Әділет Министрлігі «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жалпыға бірдей тегін қолжетімділікті қамтамасыз етті, бұл кәсіби заңгерлерге ғана емес, қарапайым азаматтарға ресми тіркелген нормативтік құқықтық актілердің мәтінімен танысуға мүмкіндік береді.

Әділет министрлігінің 119 нөмірі бойынша тәулік бойғы құқықтық ақпараттық қызметі жұмыс істейді, ол халыққа барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес береді. Әділет министрлігінің сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда құқықтық түсіндірме ақпарат орналастырылады.