Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу туралы

Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және  мемлекеттік тіркеу туралы

Қоғамдық қатынастарға нәтижелі және мақсатты құқықтық ықпал етуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік саясатты іске асырудың түйінді құралы нормашығармашылық қызмет болып табылады.

Заңдардың іс-әрекетінің тиімділігі үшін құқықтық реттеу жүйесінде елеулі орын алатын уәкілетті органдардың сапалы және заңды сауатты құрастырылған актілерін толық көлемде уақтылы қабылдау қажет екенін атап өткен жөн.

Осы қызметтің маңыздылығын, сондай-ақ оның азаматтарға және жалпы қоғамға әсерін ескере отырып, әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерді (бұдан әрі – НҚА) әзірлеу және қабылдау процесіне заңнаманың тұтастығын, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған ерекше талаптар қойылады.

Тұтастай алғанда, НҚА әзірлеу және қабылдау процесін мынадай кезеңдерге бөлуге болады: НҚА жобасын әзірлеу; оны «Ашық НҚА» порталында жария талқылау; міндетті сараптамалардың нәтижелерін, сараптамалық қорытындылар мен ұсынымдарды алу; жобаны мүдделі органдармен келісу; уәкілетті орган қабылдаған НҚА әділет органдарында мемлекеттік тіркеу.

Бірінші кезеңде уәкілетті орган НҚА қабылдау қажеттілігін және оны қабылдауға қолданыстағы заңнамада тікелей құзыреттің болуын айқындайды.

Бұдан әрі, әзірленген НҚА жобасы «Электрондық Үкімет» веб-порталының құрауышы болып табылатын «Ашық НҚА» порталында, сондай-ақ Қоғамдық кеңесте кеңінен талқылаудан өтеді, реттеу мәніне байланысты  міндетті сараптамалардан (мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық және т.б.) өтеді.

Сонымен қатар, осы кезеңде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын НҚА жобаларын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және сараптамалық кеңес мүшелері қарайды. Бұл ретте реттегіш құралды енгізуді немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды, сол сияқты кәсіпкерлер үшін жаңа талаптар белгілеуді көздейтін НҚА жобалары бойынша Кәсіпкерлік кодекстің талаптарына сәйкес реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

Азаматтар мен ұйымдардың ұсыныстарды мен ескертулерді негізді және заңды болып табылған жағдайда әзірлеуші органдар әзірленген жобаға түзетулер енгізе отырып, оларды қабылдайды.

Жария талқылау жүргізілгеннен және қажетті сараптамалар мен ұсынымдар (қорытындылар) алынғаннан кейін НҚА жобасы онда қаралатын мәселелердің мән-жайын негізге ала отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің талаптарын ескере отырып, құзыретіне орай мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуге жатады.

Бұл ретте «Құқықтық актілер туралы» Заңның 35-1-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын заңға тәуелді НҚА жобаларын әділет органдарының келісуін ажырату қажет, ол мүдделі органдар келіскеннен кейін Үкіметтің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес заңнамаға сәйкестігі, құқық нормаларының болуы және мемлекеттік тіркеу қажеттілігі тұрғысынан заң сараптамасын жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

НҚА-ны әділет органдарымен жобалық түрде тіркеу алдындағы келісу рәсімі қабылданатын НҚА сапасын арттыру мақсатында енгізілгенін атап өткен жөн, бұл НҚА-ны мемлекеттік тіркеу мерзімін 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға да мүмкіндік берді.

НҚА-ны мемлекеттік тіркеу бұрын (2018 жылдың соңына дейін) қабылданған (қол қойылған) НҚА-ға қатысты әділет органдарының алдын ала олардың жобаларын келісімінсіз күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырылғанын атап өту маңызды. Бұл ретте әділет органдары мемлекеттік тіркеу барысында НҚА-ны мемлекеттік тіркеуден бас тартуға не пысықтауға қайтаруға, сондай-ақ бұзушылықтарды өздері анықтаған уәкілетті органның НҚА-ны кері қайтарып алуына негіз болған қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтарды анықтады. Тиісінше, НҚА-ны қолданысқа енгізу мерзімі ұлғайды, олардың әзірлеуі көбінесе жаңадан басталған (НҚА-ны жою, жаңа нұсқасын әзірлеу, жария талқылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама және т.б.).

Көрсетілген фактілер қабылданатын НҚА құқықтары қозғалатын уәкілетті органдар мен азаматтардың тарапынан сын тудырды.

Осыған байланысты, мемлекеттік тіркеудің электрондық форматына көшу шеңберінде мемлекеттік органдар қабылдайтын НҚА сапасын арттыру және қайтару, бас тарту және кері қайтару жағдайларын қысқарту мақсатында 2018 жылдың соңында НҚА жобаларын тіркеу алдындағы келісуді енгізу туралы шешім қабылданды, оның барысында барлық қарама-қайшылықтар жойылады, бұл НҚА-ның тексерілген (пысықталған) жобасын уәкілетті лауазымды адамның қол қоюға және кейіннен мемлекеттік тіркеуден өтуіне дайындауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, НҚА мемлекеттік тіркеу кезеңінде бұрын келісілген НҚА жобасына және НҚА жобасы келісілген сәттен бастап заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкестігі тексеріледі.

Осылайша, мүдделі тұлғалардың мүдделерін есепке алу қажеттілігі, қабылданатын НҚА заңдылығын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын НҚА-ны уақтылы, жедел қолданысқа енгізу арасындағы теңгерім қамтамасыз етіледі.

НҚА мемлекеттік тіркеу рәсімін жетілдіру, қазіргі заманғы және тиімді құралдарды кезең-кезеңімен енгізу, рәсімдерді оңайлату және жеделдету жөнінде шаралар қабылдау жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

 

 

Нормативтік құқықтық актілерді

тіркеу Департаменті