Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының сарапшыларымен семинар

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының сарапшыларымен семинар

2022 жылғы 19-20 мамырда «Контрафакт» республикалық акциясы шеңберінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін зияткерлік меншікті құрметтеуге тәрбиелеу және цифрлық ортада контрафакция мен қарақшылыққа қарсы күрес бойынша семинар өтті.

Бұл іс-шара халықаралық сарапшылардың қатысуымен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қолдауымен ZOOM платформасы негізінде ұйымдастырылды.

Семинар барысында Германия мен Еуропалық Одақта зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету және зияткерлік меншікті құрметтеуді нығайту, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, тауар белгілерін қолдан жасау, авторлық құқық саласындағы қарақшылық, интернет-провайдерлер мәртебесі, Қазақстандағы контрафактіге қарсы күрес мәселелері талқыландің. Сондай-ақ, Германияда зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың құқық қолдану практикасы және Еуропа елдерінде қылмыстық құқық қолдану қаралды.

Семинар барысында дөңгелек үстел өткізілді, оның шеңберінде қатысушылар цифрлық ортада зияткерлік меншік құқықтарын бұзушылыққа қарсы күрестегі стратегиялық ынтымақтастықты талқылады.

Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар цифрлық технологиялардың дамуы мен интернет желісін пайдаланудың кеңеюіне байланысты Зияткерлік меншік объектілері жаппай пайдалануға ұшырады деген пікірге келді. Авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерінің үлкен саны Интернет желісінде қолжетімді болды, бұл авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды талап етеді. 

Халықаралық сарапшылар мен семинарға қатысушылар жоғарыда аталған мәселелерді талқылауға белсене қатысып, Интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау мәселелері бойынша пікірлерімен бөлісті.

Осындай іс-шараларды өткізу зияткерлік меншік саласындағы мамандардың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасу және Қазақстанда зияткерлік меншік саласын дамытуда халықаралық тәжірибені тереңірек зерделеу мен пайдалану үшін ықпал етеді.