Парламент Мәжілісінде Конституциялық заң жобасы таныстырылды

Парламент Мәжілісінде Конституциялық заң жобасы таныстырылды

Бүгін Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Конституциялық заң жобасын таныстырды. 

Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталған саясатты дәйекті түрде іске асырады.

Мемлекетіміз саясатты қалыптастыруға халықты тартуға ерекше назар аударады.

2020 жылғы мамырда «Саяси партиялар туралы» Заңға партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізу жөніндегі нормалар енгізілді.

Сол кезден бастап саяси партиялар гендерлік теңдік және жастарды қолдау мәселелерін жетілдіруде маңызды рөл атқара бастады. Сайлау тізімдеріне енгізу арқылы жас кандидаттар мен әйелдерді өкілді органдар қатарына қосу  мүмкіндігі пайда болды.

Квоталау тетігі қоғамдағы проблемалық және сезімтал мәселелерді шешу кезінде әртүрлі пікірлерді ескеру арқылы норма шығармашылық процесінде «қоғамдық күн тәртібін» қалыптастыру мүмкіндігін кеңейтті.

Осы тетікті дамыту үшін Мемлекет басшысы өзінің   2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың заңнамалық қызметте қатысу қажеттілігін атап өтті.

Осы тапсырманы іске асыру мақсатында ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленді.

Конституциялық заң жобасы әйелдер, жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар және мүгедек адамдар үшін 30% квотадан басқа, оларды Парламент Мәжілісінде депутаттық мандаттарды бөлу кезінде есепке алу қажеттілігін бекітуді көздейді.

Құрметті депутаттар, ұсынылып отырған Конституциялық заң жобасы нысаналы топтармен әртүрлі алаңдарда қаралды.

Жалпы алғанда, бұл түзетулер әйелдердің, жастардың, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың еліміздің заң шығару органында өкілдігін кеңейту үшін маңызды қадам болып табылатынын атап өткен жөн. Бұл заңдардың сапасына сөзсіз әсер етеді.

Заң жобасын қарау барысында депутаттар Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халықтары Ассамблеясы қызметінің мәселелері бойынша түзетулерге де бастамашылық жасады.