«Әділет министрлігі әділет органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді»

«Әділет министрлігі әділет органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізді»

 Ағымдағы жылғы 23 шілдеде Әділет министрлігінде бейнеконференция форматында министрліктің Аппарат басшысының төрағалығымен аумақтық әділет органдары басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен әділет органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар-кеңес өткізілді.

Семинар шеңберінде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және оны болдырмау, қызметтік этика нормаларын сақтау және әділет органдарындағы мемлекеттік қызмет мәселелері қаралды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын орындау, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға мониторинг жүргізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Әділет министрлігінің Кадр жұмысы департаментінің қызметкерлері сөз сөйледі.

Кездесу барысында ағымдағы жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлыққа және басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл саласындағы атқарылған жұмыстар туралы Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының Әділет басқармаларының басшылары баяндама жасады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі баяндама жасап, аумақтық бөлімшелердің әдеп жөніндегі уәкілдері қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі негізгі мәселелерді атап айтты.

Кеңес аясында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтауы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мақсатында Әділет министрлігінің Аппарат басшысы аумақтық бөлімшелердің басшыларына мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнаманың талаптарын бұлжытпай сақтау туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қызметтік этика, мемлекеттік қызмет бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізу жөнінде тапсырмалар берді.