Мәжіліс ЕАЭО шеңберінде зияткерлiк меншік саласында өңірлiк жүйенi құруды мақұлдады

Мәжіліс ЕАЭО шеңберінде зияткерлiк меншік саласында өңірлiк жүйенi құруды мақұлдады

Бүгін Мәжілістің кезекті отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев «Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды. Заң жобасы депутаттардың талқылауынан кейін мақұлданды.

Шарттың мақсаты – тауар таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеу мен қорғаудың өңірлік жүйесін құру.

Осы Шарттың арқасында отандық тауар өндірушілердің тауар белгілері ЕЭАО-ға мүше бес мемлекеттің (Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) аумағында әрекет ете алады және қорғалады. Тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеу рәсімі де оңайлатылатын болады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Тауар белгілерін тіркеудің халықаралық Мадрид жүйесінің қатысушысы болып табылады. Шартты ратификациялау нәтижесінде Қазақстанда құқықтық қорғауды алудың: ұлттық, өңірлік және халықаралық болып барлық үш тетігі қолданылады.