
2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариаттық куәландыру тәртібі өзгерді.
Енді сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау, кепілге қою және жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға немесе кепілге беруге байланысты, мемлекеттік тіркеуге жататын өзге де мәмілелер мүлік орналасқан жердегі нотариуспен куәландырылады.
Енгізілген өзгерістер, ең алдымен, жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді ресімдеу үдерісін ретке келтіруге және жүйелеуге бағытталған. Аумақтық қағидат мүлік объектісі, мәмілені нотариаттық куәландыру және құқықтарды кейіннен мемлекеттік тіркеу арасындағы өзара байланысты нақты әрі жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жаңа тәртіп жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ алаяқтық схемалардың тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.
Бұл ретте аумақтық қағидат азаматтардың өз мүлкіне басқа өңірде жүріп билік ету құқығын шектемейді. Егер меншік иесінің жылжымайтын мүлік орналасқан жерге жеке өзі келу мүмкіндігі болмаса, ол өз атынан қажетті әрекеттерді жүзеге асыратын өкіліне сенімхат рәсімдеуге құқылы.
Мәселен, егер пәтер Астана қаласында орналасып, ал оның меншік иесі Алматы қаласында тұрса немесе уақытша сонда болса, ол басқа тұлғаға сенімхат рәсімдей алады. Өкіл Астана қаласындағы нотариуста мәмілені жүзеге асыра алады.
Осылайша, азаматтар басқа қалада немесе өңірде бола отырып, жылжымайтын мүлікті сенім білдірілген тұлғалар арқылы бұрынғыдай сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға немесе кепілге қоюға құқылы. Өзгеретіні – мәмілені нотариаттық куәландыру орны ғана. Енді ол жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жеріне қарай айқындалады.
Жаңа талап тек жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерге ғана қолданылады және өзге нотариаттық әрекеттерді жасау тәртібіне әсер етпейді.