
2026 жылғы 10 шілдеде Женева қаласында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 68-сериялы отырыстары аясында инновациялар мен зияткерлік меншік саласындағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі – WIPO Global Awards 2026 сыйлығын табыстау рәсімі өтті.
WIPO Global Awards сыйлығы жыл сайын тек технологиялық шешімдер әзірлеп қана қоймай, сонымен қатар зияткерлік меншікті бизнесті дамыту, инвестиция тарту және халықаралық нарықтарға шығу құралы ретінде тиімді пайдаланып жүрген шағын және орта кәсіпорындар мен стартаптарға беріледі. 2026 жылы байқауға әлемнің 126 елінен шамамен 1 300 өтінім келіп түсті. Көпсатылы іріктеу қорытындысы бойынша халықаралық сарапшылар 33 финалисті анықтады.
Қазақстан үшін ерекше маңызға ие жайт – байқау финалистерінің қатарына медициналық және спорттық технологиялар саласында жұмыс істейтін жоғары технологиялық қазақстандық Mirai Tech стартапының енуі. Компания ДЗМҰ 2026 жылы Зияткерлік меншік жөніндегі дүниежүзілік күннің тақырыбы аясында алғаш рет тағайындаған «Спорт» арнайы номинациясы бойынша үздік үш финалистің қатарына кірді.
Жаңа номинацияда Mirai Tech Қазақстан Республикасының атынан АҚШ пен Швейцария компанияларымен бірге бақ сынап, жасанды интеллект, биомеханика және спорттық медицина бағыттарындағы отандық әзірлемелердің жоғары әлеуетін айқын көрсетті.
Аталған номинация бойынша жеңімпаз Швейцария компаниясы атанғанымен, қазақстандық компанияның WIPO Global Awards байқауының финалистері қатарына енуі ұлттық инновациялық экожүйе үшін маңызды халықаралық жетістікке айналды. Бұл отандық технологиялық шешімдердің жаһандық деңгейде табысты бәсекеге түсе алатынын айқын дәлелдейді.
Mirai Tech – Астана қаласында құрылған қазақстандық deep-tech стартапы. Компания медициналық оңалту, спорттық медицина және дене жүктемесін мониторингтеу үшін автономды сенсорлармен жабдықталған интеллектуалды нанотабандықтарды әзірлейді. Бұл технология адам қозғалысының биомеханикалық деректерін нақты уақыт режимінде жинап, талдауға және оларды пациенттерді оңалтуда, спорттық жарақаттардың алдын алуда, сондай-ақ жаттығу процесінің тиімділігін арттыруда қолдануға мүмкіндік береді.
Mirai Tech компаниясының WIPO Global Awards байқауының финалына қатысуы қазақстандық инновациялық жобалардың халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттырып, отандық технологиялық әзірлемелерді жаһандық нарықта ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.