ДЗМҰ Ассамблеялары аясында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Индонезия, Иран, Корея Республикасы және Еуразиялық патенттік ұйым өкілдерімен кездесті

ДЗМҰ Ассамблеялары аясында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Индонезия, Иран, Корея Республикасы және Еуразиялық патенттік ұйым өкілдерімен кездесті

Женевада өткен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеялары отырыстарының 68-сериясы аясында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Индонезия Республикасы, Корея Республикасы, Иран Ислам Республикасы және Еуразиялық патенттік ұйым өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Индонезия тарапымен кездесу аясында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Индонезия Республикасының Құқық министрі Супратман Анди Агтаспен келіссөздер жүргізді. Тараптар зияткерлік меншік, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, жасанды интеллектіні құқықтық реттеу және кадрлар даярлау салаларындағы ведомствоаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ бірлескен білім беру, сараптамалық және технологиялық бастамаларды іске асыру үшін институционалдық негіз қалыптастыруға тиіс Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумды дайындау тәсілдері қарастырылды.
Иран Ислам Республикасы Сот билігі басшысының орынбасары және Актілер мен мүлікті тіркеу жөніндегі мемлекеттік ұйымның басшысы Хасан Бабаимен келіссөздер барысында ұлттық зияткерлік меншік жүйелерін жетілдіру, тіркеу рәсімдерін цифрландыру, құқық қолдану және құқық иеленушілерді қорғау мәселелері қарастырылды. Тараптар бейінді бөлімшелер арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге, практикалық және сараптамалық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ зияткерлік меншікті сот арқылы қорғау мәселелері бойынша кәсіби диалогты дамытуға дайын екендерін растады.
Корея Республикасының Зияткерлік меншік министрі Ким Ян Сунмен кездесуде екіжақты әріптестікті тереңдету перспективалары талқыланды. Қазақстан тарапы кореялық әріптестерін Зияткерлік меншік министрлігінің құрылуымен құттықтап, цифрлық ортада зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі бірлескен жобаның нәтижелерін оң бағалады. Бейінді министрліктер арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумды дайындауға, жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық платформаларды дамыту, мамандар даярлау және бірлескен білім беру әрі сараптамалық іс-шараларды өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Еуразиялық патенттік ұйымның Еуразиялық патенттік ведомствосының Президенті Григорий Ивлиевпен кездесу аясында цифрлық трансформация, патенттік сараптама сапасын арттыру және өтінім берушілерді қолдау тетіктерін кеңейту мәселелеріне басты назар аударылды. Қазақстан өнертапқыштар, ғылыми ұйымдар, университеттер, стартаптар және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында ЕАПҰ-ның қаржылық көмек бағдарламасын ілгерілетуге мүддел білдірді.
Өткізілген келіссөздер практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, озық шешімдермен алмасуға және заманауи, технологиялық әрі халықаралық әріптестікке бағдарланған зияткерлік меншік жүйесін одан әрі дамытуға өзара мүдделілікті растады.