Қазақстан ДЗМҰ алаңында «Ұлы Дала Мұрасы» атты ұлттық көрмені ашты

Қазақстан ДЗМҰ алаңында «Ұлы Дала Мұрасы» атты ұлттық көрмені ашты

Женевада ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеялары отырыстарының 68-сериясының ашылуына қатысып, қазақстандық делегация атынан мәлімдеме жасап, Қазақстанның зияткерлік меншік саласын одан әрі дамытудағы негізгі ұстанымдарын атап өтті.
Қазақстанның қазіргі Ассамблеялар сериясына қатысуының басты оқиғаларының бірі келесі күні ДЗМҰ штаб-пәтерінде Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың, Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Ержан Қазыханның және басқалардың қатысуымен өткен Қазақстанның «Ұлы Дала Мұрасы» ұлттық көрмесінің ашылуы болды.
Ашылу рәсіміне ДЗМҰ Бас директоры Дарен Танг, шетелдік делегациялардың басшылары мен өкілдері, сондай-ақ Ассамблеяларға қатысушылар қатысты. Бұл көрме Қазақстан үшін ерекше маңызға ие болды. Себебі ол елімізді өзінің мәдени мұрасын қастерлеп сақтайтын және сонымен бірге оны заманауи технологиялар, шығармашылық шешімдер мен халықаралық мәдени таныстырудың жаңа нысандары арқылы танытатын мемлекет ретінде көрсетеді.
Экспозиция Қазақстанның мәдени мұрасының байлығы мен көпқырлылығын ұлттық бірегейліктің тірі негізі әрі заманауи шығармашылық дамудың қайнар көзі ретінде көрстті. Оған сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, ұлттық киім элементтері, музыкалық аспаптар және дәстүрлі тұрмыс заттары енді.
Көрменің орталық элементі Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейімен бірлесіп жүзеге асырылған «Қазақстан кескіндемесінің жауһарлары» иммерсивті мультимедиялық инсталляциясы болды. Жоба Қазақстанның бейнелеу өнері туындыларын заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырып, еліміздің көркем мұрасын халықаралық аудиторияға жаңаша таныстыруға мүмкіндік береді.
«Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі қазақ аспаптарының дәстүрлі үнін заманауи сахналық қойылыммен үйлестірген мәдени бағдарламаны ұсынып, көрме қонақтары Қазақстанның гастрономиялық дәстүрлерімен танысты.
«Ұлы Дала Мұрасы» көрмесі ДЗМҰ штаб-пәтерінде 2026 жылғы 15 шілдеге дейін жалғасып, Қазақстанның тарихи әрі шығармашылық мұрасын халықаралық кеңістікте ілгерілетуге деген ұмтылысын көрсететін Ассамблеялардың мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналады.