ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бастаған қазақстандық делегация Женевада Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен кездесті

ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бастаған қазақстандық делегация Женевада Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен кездесті

Қазақстан тарапы елде жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыттарын таныстырып, зияткерлік меншіктің технологиялық дамудың, креативті экономиканың өсуінің және мемлекеттің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторларының бірі ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған шаралар туралы айтты.
Кездесу барысында а.ж. 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгені ерекше атап өтілді. Аталған Конституцияда алғаш рет зияткерлік меншіктің заңмен қорғалатыны туралы ереже бекітілді. Бұл зияткерлік меншік саласын институционалдық тұрғыдан нығайтудың маңызды қадамы және Қазақстанның зияткерлік меншікті заманауи инновациялық, цифрлық және креативті экономиканың ажырамас элементі ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Кездесудің тәжірибелік нәтижесі ретінде Қазақстанда ДЗМҰ Оқу орталығын құру жөніндегі ниеттер туралы хатқа қол қойылды. Аталған бастаманы іске асыру зияткерлік меншік саласындағы мамандарды даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге, мемлекеттік қызметшілердің, судьялардың, құқық қорғау органдары өкілдерінің, бизнес пен ғылыми қоғамдастықтың біліктілігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның зияткерлік меншік саласындағы өңірлік құзыреттер алаңы ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиада комитетінің алаңында өткен ДЗМҰ-ның жоғары деңгейдегі бейресми саяси диалогына қатысты. «Көпір салушылар: инновациялар мен шығармашылық – болашақ қоғамдардың қозғаушы күші» тақырыбындағы іс-шара әртүрлі мемлекеттердің министрлері мен салалық ведомстволарының басшыларын біріктірді.
Және аталған шараға белгілі қазақстандық велошабандоз, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты. Салтанатты рәсім барысында Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиада музейіне еліміздің спорттық мұрасымен байланысты жәдігер – Александр Винокуров қол қойған веложейде сыйға тартылды. Бұл қадам Қазақстанның көрнекті спорттық жетістіктерін мойындаудың, сондай-ақ спорттың, шығармашылықтың және зияткерлік меншіктің талантқа, еңбекке және жасампаздыққа негізделген салалар ретіндегі өзара байланысының символына айналды.
Өткен кездесулер Қазақстанның ДЗМҰ-мен халықаралық әріптестікті нығайтуға, ұлттық зияткерлік меншік жүйесін дамытуға және инновацияларды, адами капиталды және елдің шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған бастамаларды ілгерілетуге бейілділігін тағы да растады.