
ҚР Әділет министрлігінің өкілдері форумның іскерлік бағдарламасына белсенді түрде қатысты.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев әділет министрлерінің ашық кеңесінде сөз сөйлеп, қатысушыларды Қазақстанда нотариат саласында жүргізіліп жатқан реформалармен, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесін цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Министр өз сөзінде елде қабылданған жаңа Конституция аясында жүргізіліп жатқан өзгерістердің негізгі міндеттерінің бірі азаматтардың тұрғылықты жеріне, жасына және әлеуметтік жағдайына қарамастан білікті заң көмегіне қол жеткізуін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Іске асырылып жатқан шаралар заманауи цифрлық технологияларды енгізу арқылы заң қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сот-сараптама қызметі саласындағы Үйлестіру кеңесінің тең төрағасы ретінде Министр Кеңес отырысында құттықтау сөз сөйледі. Іс-шара барысында сот-сараптама қызметін дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары айқындалды.
Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Махсат Балабеков «Атқарушылық құжаттар тізілімі – атқарушылық іс жүргізуді реформалау» атты бейінді сессияда спикер ретінде сөз сөйледі. Ол атқарушылық іс жүргізуді цифрландыру мәжбүрлеп орындату жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Форум қатысушыларына «Цифрлық сот орындаушысы», «Тараптардың кабинеті» және «Цифрлық ассистент» жобаларын енгізу нәтижелері, сондай-ақ жүйені жаңғыртуға бағытталған өзге де бастамалар таныстырылды.
ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Заң жобалары мен модельдік актілерді ғылыми верификациялау: заңнама сапасын қамтамасыз етудегі қазақстандық тәсіл» атты дөңгелек үстелі аясында Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Жігітекова баяндама жасады. Сондай-ақ Институттың өкілі Тимур Авенов сөз сөйлеп, киберқауіпсіздік стандарттарын үйлестіру және жасанды интеллектті құқықтық реттеу саласындағы ұлттық тәжірибемен бөлісті. Ол ТМД-ның модельдік актілерін әзірлеу барысында Қазақстан тәжірибесін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Форум аясында Министрдің Беларусь Республикасының Әділет министрі Евгений Коваленкомен, Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлекпен және Ресей Федерациясының Әділет министрі Константин Чуйченкомен екіжақты кездесулері де өтті.
Кездесулер барысында Министр әріптестеріне елде жүзеге асырылып жатқан жаңа конституциялық реформа туралы, оның ішінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияға қолданыстағы заңнаманы бейімдеу жөнінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс туралы ақпарат берді.
Министрдің айтуынша, ұлттық құқықтық жүйені дамытудың стратегиялық бағдарларын жаңарту Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасын өзектендіру қажеттілігін туындатып отыр. Бұл құжат жаңартылған конституциялық құндылықтарға, қағидаттар мен басымдықтарға бейімделуі тиіс. Осыған байланысты конституциялық реформаны одан әрі іске асырудың маңызды құралы болатын жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары басталды.
Кездесулер қорытындысы бойынша заң шығару қызметі, мәжбүрлеп орындату, адвокатура, нотариат, сондай-ақ әділет саласына ақпараттық технологияларды енгізу бағыттарында өзара іс-қимылды жетілдіру мен тәжірибе алмасуды көздейтін екіжақты ынтымақтастық бағдарламаларына қол қойылды.