
2026 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарымен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтауды күшейту, сондай-ақ құқықтарды ұжымдық басқару саласын цифрландыру мәселелеріне арналған кездесуі өтті.
Кездесу барысында вице-министр депутаттарды авторлық сыйақыны есепке алу, шарттарды жасасу, жинау, бөлу және төлеу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық тетіктерді іске асырудың қазіргі жай-күйі туралы хабардар етті.
Сонымен қатар құқықтарды ұжымдық басқару саласын цифрландыру мәселелері жеке қаралды. Депутаттарға құқықтарды ұжымдық басқару саласындағы Бірыңғай цифрлық платформа таныстырылып, сондай-ақ оның 2026 жылғы 25 маусымдағы жағдай бойынша қолданыстағы функционалы көрсетілді.
Кездесу барысында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтауды жетілдіруге, құқық қолдану практикасын дамытуға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың, құқық иеленушілердің, пайдаланушылардың және құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың тиімді өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмысты одан әрі жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Сондай-ақ құқықтарды ұжымдық басқару саласын жетілдіруге және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды қолдап, оларды іске асыруға ықпал еткен депутаттық корпустың қолдауы ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы дамытуға қосқан үлесі және осы саланы жетілдіруге бағытталған бастамаларды қолдағаны үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің грамоталарымен марапатталды.