Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде Мемлекеттік қызметші күніне арналған іс-шара өтіп, жаңа Конституцияның негізгі жаңашылдықтары түсіндірілді

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде Мемлекеттік қызметші күніне арналған іс-шара өтіп, жаңа Конституцияның негізгі жаңашылдықтары түсіндірілді

Бүгін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев министрлік қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Өз сөзінде Министр Мемлекеттік қызметші күні еліміздегі ауқымды қоғамдық-саяси жаңғырулар кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанын және олардың маңызды бөлігі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануымен байланысты екенін атап өтті.
Сондай-ақ Министр мемлекеттік қызметшілердің реформаларды іске асырудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі және құқықтық мемлекетті нығайтудағы жауапты әрі маңызды рөліне тоқталды.
Іс-шара аясында Ерлан Сәрсембаев қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны, жоғары кәсібилігі және әділет органдарының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар қызметкерлерге ведомстволық наградаларды табыстады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары Диас Шәріпбай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелері бойынша баяндама жасады.
Баяндама барысында елдің қазіргі саяси-құқықтық даму кезеңін айқындайтын конституциялық реформаның негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдық қатысу институттарын дамыту, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын және заң үстемдігін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетіні атап өтілді. Осыған байланысты Әділет министрлігі ұлттық заңнаманы жаңа конституциялық ережелерге сәйкестендіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Іс-шараға қатысушылар конституциялық реформаларды дәйекті іске асыру мемлекеттілікті нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.