
ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты және «Халықаралық заңгерлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған конференция барысында сарапшылар конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызын жан-жақты талқылап, заң үстемдігін қамтамасыз ету тетіктері мен адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың өзекті мәселелеріне назар аударды.
Өз баяндамасында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру ерекше маңызға ие болғанын, оның басты бағдары ретінде «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» формуласы айқындалғанын айтты.
Бұл ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Конституцияның қабылдануы тек құқықтық емес, сонымен қатар жалпыұлттық маңызы бар қоғамдық-саяси оқиға екенін атап өтті.
Сондай-ақ заңнаманы жаңғыртудың негізгі бағыттары, халықаралық тәжірибе және қазіргі заманның сын-қатерлеріне бейімделу мәселелерін кеңінен қарастырды.
Аталған шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Конституциялық Соттың судьялары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, Әділет министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдардың басшылығы, қоғам қайраткерлері және отандық заң ғылымының жетекші өкілдері қатысты.