
Рақымшылық - бұл заңда көзделген ізгілендіру шарасы.
Оған сәйкес мемлекет белгілі бір санаттағы адамдарды жазадан толық немесе ішінара босатады, не тағайындалған жазаны жеңілдетеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, рақымшылық заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін жекелеген азаматтарға тағайындалған жазадан босатылуға немесе оның мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте рақымшылық адамның кінәсіз екенін білдірмейді және жасалған құқық бұзушылық немесе қылмыс фактісін жоққа шығармайтынын ескеруіміз қажет.
Рақымшылық жасау туралы актіні ҚР Парламенті қабылдайды және ол тек тиісті заңда тікелей көрсетілген адамдар санаттарына ғана қолданылады. Әдетте, рақымшылық маңызды мемлекеттік оқиғаларға, мерейтойлық күндерге байланысты немесе ізгілік қағидаттарын іске асыру мақсатында жарияланады.
Рақымшылық мыналарды көздеуі мүмкін:
- жазаны одан әрі өтеуден босату;
- жаза мерзімін қысқарту;
- заңнамада көзделген жағдайларда жауаптылықтың жекелеген түрлерінен босату.
Әрбір жағдай заң талаптарына қатаң сәйкестікте қаралады және рақымшылықты қолдануды уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.