
ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Зияткерлік меншік және спорт: стартқа, назар, инновациялар!» ұранымен өтетін Зияткерлік меншік жөніндегі халықаралық күнді мерекелеу аясында фитнеске арналған спорттық киім дизайны бойынша республикалық конкурс өткізілетінін хабарлайды.
Конкурстың негізгі мақсаты – зияткерлік меншік саласындағы құқықтық мәдениетті арттыру, жастар арасында авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарына құрмет қалыптастыру, сондай-ақ контрафакт өнімдерінің таралу мәселесіне назар аудару.
Конкурс «Антиконтрафакт» республикалық акциясы аясында өткізіліп, мектеп оқушылары мен студенттерді шығармашылық қызметке тартуға, олардың креативті әлеуетін дамытуға және зияткерлік еңбек нәтижелеріне құрметпен қарауды насихаттауға бағытталған.
Конкурсқа еліміздің 10-11 (12) сынып оқушылары мен колледждердің 1–2 курс студенттері шақырылады.
Қатысушылар фитнеске арналған спорттық киімнің эскизін әзірлеп, өз жұмысының тұжырымдамасын ұсынуы тиіс. Міндетті шарттардың бірі – конкурстық жұмысты Instagram әлеуметтік желісінде #Антиконтрафакт2026 хэштегімен және @adiletgovkz ресми аккаунтын белгілей отырып жариялау.
Өтінімдерді қабылдау 2026 жылғы 20-30 сәуір аралығында жүзеге асырылады. Конкурс екі кезеңнен тұрады: өңірлік іріктеу және 2026 жылғы мамыр айында өтетін республикалық финал.
Жеңімпаздар екі номинация бойынша анықталады:
«Көрермен таңдауы» - онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша;
«Ең үздік киім дизайны» - конкурстық комиссияның шешімі бойынша.
Қатысушылардың жұмыстары креативтілік, түпнұсқалық, өзектілік және конкурс тақырыбына сәйкестік критерийлері бойынша бағаланады.
Конкурс қорытындылары 2026 жылғы 15 мамырда шығарылуы жоспарланып отыр. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие бола отырып, республикалық деңгейде өздерін танытуға мүмкіндік алады.
Конкурсты өткізу жастар арасында зияткерлік меншікке құрмет мәдениетін қалыптастыруда және контрафакт өнімдеріне қарсы іс-қимылды күшейтуде маңызды қадам болмақ.