ҚР Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институты Qazpatent "Шапағат – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады

ҚР Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институты Qazpatent "Шапағат – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады

Астанада төріндегі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында өткен «Шапағат – 2025» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау 2004 жылдан бері өткізіліп келе жатқан еліміздегі инновацияны және зияткерлік меншік мәдениетін ілгерілететін маңызды шара.

Рәсімнің ресми ашылуында ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңашыл ойлау әр кезеңде технологиялық дамудың қозғаушы күші болғанын, ал өнертапқыштарды қолдау елдің тұрақты инновациялық прогрессі үшін маңызды шарт екенін атап өтті.

Байқауға тәжірибелі ғалымдар мен жас зерттеушілердің түрлі бағыттағы әзірлеген жобалары ұсынылды. Қазылар алқасы жұмыстарды жаңашылдығы, экономиканың салаларына пайдасы, қолдану деңгейі және коммерцияландыру мүмкіндігі бойынша бағалады.

Жеңімпаздар алты номинация бойынша анықталды: «Жылдың өнертабысы», «Әйел-өнертапқыш», «Үздік инновациялық компания», «Ең белсенді өнертапқыш», «Жас өнертапқыш», «Жас дарын». Сондай-ақ еліміздің инновациялық ортасына елеулі үлес қосқан авторларға «Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы» атағы табысталды.

Сонымен қатар маңызды сәттердің бірі үздік қазақстандық өнертапқыштар Еуразиялық патент ведомствосының «Болашаққа көзқарас» медалімен марапатталды.

Рәсімге халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, шетелдік патент ведомстволары, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Бұл Қазақстанның инновациялық әлеуетіне халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.