Қазақстан авторлық құқық және ұжымдық басқаруды цифрландыру саласында халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп келеді

Қазақстан авторлық құқық және ұжымдық басқаруды цифрландыру саласында халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп келеді

Женева, 2025 жылғы 1–5 желтоқсан аралығында — Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Авторлық құқық және сабақтас құқықтар жөніндегі тұрақты комитетінің (АҚТК) 47-сессиясына қатысып, ашылу рәсімінде сөз сөйледі. Вице-министр ДЗМҰ басшылығына жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырғандары және Қазақстанда зияткерлік меншік саласында жүзеге асырылып жатқан реформаларды қолдағандары үшін алғысын білдірді.

Қазақстан делегациясы сессияға қатысушыларға елде жүргізіліп жатқан ұлттық реформалар жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, құқықтарды ұжымдық басқару жүйесінің ашықтығын, есептілігін және тиімділігін арттыруға арналған Біртұтас цифрлық платформаны (БЦП) іске қосу барысы таныстырылды. Сонымен қатар бұл платформа ұжымдық басқару саласындағы заманауи цифрлық тетіктер мен ашықтықты арттыруға қызығушылық танытқан халықаралық кәсіби ұйымдарға да ұсынылды.

ДЗМҰ алаңында Индонезия Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасарымен, сондай-ақ Бразилия мен Сауд Арабиясының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті. Тараптар авторлық құқық саласындағы цифрландырудың өзекті бағыттарын, ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін және цифрлық ортада сыйақыны әділ бөлуге қатысты халықаралық тетіктер әзірлеу жөніндегі Индонезия ұсынған бастаманы талқылады.

ДЗМҰ басшылығымен келіссөздер  жүргізілді.

ДЗМҰ Бас директорының орынбасары Сильви Форбенмен өткен кездесуде Қазақстанның құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарын цифрландыру бағытындағы тәжірибесі ұсынылды. Форбен ханым елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың өзектілігін атап, жобаның әрі қарай жалғасуына қызығушылық білдірді. Ол бастаманың жаңашылдығын және оның халықаралық кәсіби орта үшін ерекше маңызды екенін баса айтты.

Сонымен қатар өтпелі экономикасы бар елдер департаментінің директоры Хабип Асан, Application Incubator директоры Гленн Макстравик және авторлық құқық бойынша аға сарапшы Мишель Алиенмен бірқатар жұмыс кездесулері ұйымдастырылды. Кездесулер барысында ынтымақтастықтың өзекті бағыттары мен ДЗМҰ-ның технологиялық бастамалары, соның ішінде жасанды интеллектті пайдалану және тауар белгілерін сараптаудағы заманауи тәсілдер қарастырылды.