
19 қарашада Сеулде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева Зияткерлік меншік жөніндегі халықаралық форумда тәжірибе алмасудың, озық тәжірибелерді зерделеудің және зияткерлік меншік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, құттықтау сөз сөйледі.
Сапар аясында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанбековтың қатысуымен Корея Республикасының Зияткерлік меншік вице-министрі Мок Сунхо мырзамен кездесу өткізді. Осы кездесу барысында вице-министрге Корея Республикасының Зияткерлік меншік министрі Ким Ёнсон мырзаға жолданған Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың құттықтау хаты табыс етілді.
Сапар бағдарламасы сонымен қатар Корея Республикасының Зияткерлік меншік мәселелері бойынша Жоғарғы сотқа баруды қамтыды, оның барысында комитет делегациясы мамандандырылған соттың құрылымы мен өкілеттіктері, оның қызметін ұйымдастыру ерекшеліктері және зияткерлік меншік саласындағы дауларды қарау тәртібімен танысты. Бас судья Ку Хён Ханмен кездесуде зияткерлік меншік саласындағы сот практикасының мәселелері, сотты қорғау тетіктері және екі елдің мүдделі органдары арасында тәжірибе алмасудың ықтимал бағыттары талқыланды.
Сапар аясында Кореяның Зияткерлік меншікті қорғау агенттігінің (KOIPA) Президенті Ким Ши Хенмен және Кореяның өнертабыстарды ілгерілету қауымдастығының (KIPA) Бас директоры Сон Чан Хомен кездесулер өтті. Сапар барысында KIPA-ға “Цифрлық ортадағы зияткерлік меншік”жобасының есебінің тұсаукесері ұсынылды.
Сапар қорытындысы бойынша Тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы зияткерлік меншік саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды одан әрі кеңейту ниетін растады.