Халықаралық сарапшылармен құқықтарды ұжымдық басқару мәселелері талқыланды

Халықаралық сарапшылармен құқықтарды ұжымдық басқару мәселелері талқыланды

2020 жылғы 15-16 қазанда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен бірлесіп, Герман халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының қолдауымен IRZ «Авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару» тақырыбында субөңірлік семинар өткізілді.

Семинардың мақсаты авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару мәселелерін талқылау, осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу болды.

Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұжымдық ұйымдардың Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Өзбекстан Республикасының, Украинаның, қазақстандық телерадиокомпаниялар мен кәсіпкерлердің өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасының Әділет Вице-министрі Ақерке Ахметова алғы сөзінде мемлекеттердің мәдени дамуындағы құқықтарды ұжымдық басқарудың маңызды рөлін атап өтті. Бұл ұйымдардың тиімді қызметі авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың жаңа объектілерін құру үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Семинардың спикерлері ретінде Бенуа Мюллер мырза, ДЗМҰ-ның авторлық құқықтарды басқару бөлімінің директоры, Илья Грибков мырза, ДЗМҰ-ның Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері секциясының жетекшісі, Миюки Монроиг ханым, ДЗМҰ-ның авторлық құқықтарды басқару бөлімінің кеңесшісі, Митко Чаталбашев мырза, Авторлар мен композиторлар қоғамдарының Халықаралық конфедерациясы (Cisac) Еуропаның өңірлік директоры, Сильван Пиат мырза, Даму жөніндегі директор (Cisac), Пал Томори мырза, EJI ұйымының басқарушы директоры, халықаралық авторлар мен композиторлар қоғамдары халықаралық ұйымы орындаушыларының құқықтарын жалпы басқару жөніндегі қоғамдар кеңесінің өкілі, орындаушылар құқықтарын ұжымдық басқару қоғамдары кеңесінің өкілі (SCAPR), Александр Цветкович мырза, «PI» Сербия орындаушыларының құқықтарын ұжымдық басқару ұйымының басқарушы директоры, Орындаушылардың құқықтарын ұжымдық басқару қоғамдары кеңесінің (SCAPR) өкілі, Пьер-Оливье Лесбургер мырза, Қайта шығару құқықтары жөніндегі ұйымдардың Халықаралық Федерациясының саясат және Өңірлік даму жөніндегі менеджері (ИФФРО), сондай-ақ халықаралық сарапшылар Карол Кочински мырза мен Маркус Шойфэле мырза, адвокат, IRZ Герман халықаралық құқықтық ынтымақтастық Қорының сарапшысы.

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының авторлық құқықтарды басқару бөлімінің кеңесшісі Миюки Монроиг ханым мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың (бұдан әрі – ҚҰБҰ) ашықтығының ҚҰБҰ үшін, соның ішінде шетелдік, сондай-ақ құқық иелері мен пайдаланушылар үшін де маңыздылығын атап өтті.

Барлық құқық иеленушілер үшін ҚҰБҰ-ның ашықтығы қаржылық көрсеткіштер, басқарма мүшелері, тарату ережелері (жылдық есептер) туралы ақпарат беру болып табылады. Әрбір құқық иеленуші үшін ҚҰБҰ-ның ашықтығы деп есептелген ақша қаражаты туралы есепті (операциялық шығыстарды, аударымдарды, есептелген сомаларды қоса алғанда), түсімді бөлуді (құқықтар санаттары мен пайдалану түрлері бойынша), ұлттық және халықаралық табыстар арасындағы айырмашылықты, сондай-ақ белгілі бір кезеңге жататын кез келген өтелмеген сомалар туралы ақпаратты ұсыну түсініледі.

Сондай-ақ спикер ҚҰБҰ-ның Жалпы жиналысы бекіткен тарату саясатын сақтауы тиіс екенін атап өтті.

Өз сөзінде Маркус Шойфэле мырза Германияда жеке көшіру үшін өтемақы төлеу тәжірибесін атап өтті. Жабдықтарды импорттаушылар мен өндірушілерден сыйақы алу тәжірибесі Германия, АҚШ, Канада, Франция, Италия, Австрия, Чехия, Швеция, Польша, Ресей Федерациясы және басқа да әлемнің түрлі елдерінде бар және табысты іске асырылып жатқанын атап өту қажет. Өтемақы төлемі алғаш рет Германияда 1965 жылы енгізілді.

Өз презентацияларын ЕО елдерінің тәжірибесіне арнаған, түрлі ҚҰБҰ тәжірибелерінің мысалдарын келтірген Карол Кочински қызықты презентацияларымен сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел барысында «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымы» ЖМ бас директоры Любовь Балмағамбетова ханым, «Абырой» авторлық қоғамы» РҚБ директоры Ринат Абдулхаликов мырза, «Қазақстан авторлары қоғамы» РҚБ төрағасы Балнұр Қыдырбек ханым, Қырғызпатент, Авторлық және сабақтас құқықтар жөніндегі департамент директоры Ырыс Тұрсынәлиева ханым сөз сөйлеп, ұжымдық басқаруды цифрландыру және ҚҰБҰ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету туралы айтып берді.

Субөңірлік семинар барысында халықаралық спикерлер дамыған мемлекеттердің ұжымдық басқару саласындағы тәжірибесін, ұжымдық басқарудың түрлі салаларының ерекшеліктерін, сыйақы мөлшерлемелерін белгілеу және оны бөлу жөніндегі тәжірибені, жеке көшіру үшін өтемақы төлеу тәжірибесін және басқа да мәселелерді ұсынды.

Субөңірлік семинар барысында ДЗМҰ өкілдеріменҚазақстан Республикасына құқықтарды ұжымдық басқару үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруда және құқықтық негіз құруда жоғары баға берді.

Семинардың әрбір модулі аяқталғаннан кейін қатысушыларға қызықтыратын сұрақтарды қою және сарапшылардан жауап алу мүмкіндігі берілді.

Мұндай диалог алаңдары құқықтарды ұжымдық басқарудың ұлттық жүйесін жақсарту және дамыту мақсатында авторлық қоғамдастықтың құқықтарын сақтау және қорғау бойынша дамыған елдердің озық тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.