Алматыда 15-ші Қазақстандық құқықтық форум өтті

Алматыда 15-ші Қазақстандық құқықтық форум өтті

Алматы қаласында 15-ші Қазақстандық құқықтық форум (KLF2025) өтіп, құқық саласындағы жетекші сарапшыларды, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Форумда негізгі баяндаманы ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова жасады. Ол әділет министрлігі тарапынан жүргізіліп жатқан цифрлық трансформация аясындағы қадамдар туралы, атап айтқанда, әділет органдарының жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша қолға алынған шараларға тоқталды.

Форумда зияткерлік меншік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Арнайы панельдік секция аясында авторлық құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдары қызметінің жұмысын ашық етуге және авторларға сыйақыны әділ бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған QazCopyright цифрлық платформасы таныстырылды.

Форум елдің құқықтық жүйесін дамытудағы басты бағыттарды талқылауға және мемлекеттік сектор, бизнес пен сарапшылар қауымдастығы арасында тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.