Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ҚР Әділет министрлігі Сот әкімшілігіне мемлекеттік органдардың заң қызметкерлеріне көмек көрсетуге арналған жаңа жасанды интеллект жүйесін таныстырды.
Қызмет тек Қазақстан Республикасының өзекті заңнамалық базасына — НҚА Эталондық бақылау банкі мен «Әділет» ақпараттық жүйесіне сүйенеді, жаһандық желідегі ашық дереккөздерді пайдаланбайды. Қосымша ретінде бірқатар шет мемлекеттердің (Франция, Германия, Польша, Грузия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан) заңнамасы енгізілді және бұл тізім кезең-кезеңімен кеңейтілетін болады.
Негізгі мүмкіндіктері:
•заңнаманың тарихи өзгерістерін талдау және салыстырмалы кестелер мен анықтамалар дайындау;
•заңға тәуелді актілердегі коллизиялар мен қайшылықтарды анықтау;
•нормативтік құқықтық актілердің құқықтық жүйе иерархиясына сәйкестігін тексеру;
•халықаралық салыстырмалы талдау жүргізу;
•Конституциялық Соттың шешімдеріне сүйене отырып, ҚР Конституциясына қайшы келетін нормаларды анықтау.
Нәтижелерді ұсыну форматы
ЖИ-агент баптарға түзету енгізу бойынша ұсыныстар, талдамалық шолулар және заң қызметтері үшін анықтамалық материалдар дайындайды.
Бұл технологияны енгізу нормашығарушылық қызметтің сапасын арттыруға, заңнаманы талдауды жеделдетуге және оның Конституция мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.