2025 жылғы 19 - 20 шілде күндері қазақ халқының дәстүрлі сусыны – қымызға арналған мәдени-аграрлық іс-шара аясында гастрономиялық фестиваль өтеді. Аталған фестивальге Абай, Ақтөбе және Қостанай облыстарынан кәсіпкерлер қатысады.
Әсіресе Ақтөбе облысынан келген шебер Нұрлан Жәкібаевты ерекше атап өткіміз келеді. Ол қымыз сақтауға арналған ыдысты географиялық нұсқама ретінде тіркеген болатын.
Аутентті технологиялармен, экологиялық таза материалдардан жасалған дәстүрлі ыдыс қымыздың дәмі мен пайдалы қасиеттерін сақтап қана қоймай, шыққан өңірдің бай мәдени мұрасын да көрсетеді.
Географиялық нұсқамалар – 2022 жылы ұлттық заңнамаға енгізілген зияткерлік меншік құқығының жаңа объектісі болып табылады.
Тіркелген географиялық нұсқамалар ретінде «Алматылық апорт», «Қызылордалық күріш», «Талғар алмұрттары», «Түйе сүтінен жасалған Арал сабыны», «Көкшетаулық балмұздақ» және т.б. атап өтуге болады.
Фестивальге қатысу — жұртшылық пен шара қонақтарына Қазақстандағы географиялық нұсқамалардың коммерциялануының алғашқы мысалдарының бірімен танысудың бірегей мүмкіндігін береді. Бұл — ұлттық брендті дамытуға, жергілікті өндірушілерді қолдауға және ерекше қасиеттерге ие қазақстандық өнімдерді ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ саумал мен қымыз өндірісімен айналысатын Қостанай және Абай облыстарынан келген кәсіпкерлерді де атап өткіміз келеді.
БАҚ өкілдерін, сарапшыларды және барлық қызығушылық танытқан азаматтарды кәсіпкерлердің стендіне келіп, дәстүрлі технологиялармен танысуға және шын мәнінде «бапталған қымыздан» дәм татып көруге шақырамыз!