ДЗМҰ Ассамблеялары алаңдарындағы екіжақты кездесулер: зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған екіжақты кездесу өтті

ДЗМҰ Ассамблеялары алаңдарындағы екіжақты кездесулер: зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған екіжақты кездесу өтті

2025 жылдың 8-17 шілдесі аралығында Женева қаласында (Швейцария) өткен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына (ДЗМҰ) мүше мемлекеттер Ассамблеяларының 66-шы отырыстарына қатысу шеңберінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева диалогты нығайтуға, халықаралық ынтымақтастық және зияткерлік меншік саласында тәжірибе алмасуға бағытталған бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Өтпелі және дамыған экономикасы бар елдер бойынша ДЗМҰ департаментінің директоры Х. Асан мырзамен кездесу барысында өзара іс-қимылдың ағымдағы бағыттары және зияткерлік меншік саласындағы институционалдық әлеуетті нығайту мәселелері талқыланды. Институционалдық даму мәселелері бойынша өзара іс-қимылды одан әрі арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

ДЗМҰ Авторлық құқық департаментімен авторлық құқық жүйелерін одан әрі дамыту, оның ішінде цифрландыру жағдайында және құқықтарды басқару тәсілдерін жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Осы мәселелерді талқылау цифрлық трансформация жағдайында авторлық құқықтың тұрақты жүйелерін дамытуға өзара мүдделілікті растады. Қазақстанда құқықтарды ұжымдық басқару тетіктерін жетілдіру және бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі (Министр) Бақыт Сұлтановпен екіжақты кездесу өтті. 

Кездесу барысында 2025 және 2026 жылдары бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлары, сондай-ақ зияткерлік меншік және инновациялық даму мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Өңірдегі екіжақты өзара іс-қимылды жалғастыра отырып, Әзірбайжан Республикасы зияткерлік меншік Агенттігінің Басқарма мүшесі С.Тапдыгов мырзамен кездесу барысында Патенттік жүйелерді нормативтік және технологиялық дамыту мәселелерін қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.

Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының өкілі, Сapital Maharaja Group Заң департаментінің директоры С. Джаялат мырзамен кездесу барысында ДЗМҰ жұмысы шеңберінде қаралатын бастамаларды қоса алғанда, хабар тарату және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы құқықтық реттеудің өзекті мәселелері талқыланды.

Тараптар хабар таратушыларды құқықтық қорғауды нығайту және теңдестірілген шешімдерді әзірлеу жөніндегі диалогқа дайын екендіктерін білдірді.

ДЗМҰ-ның Мадрид тауар белгілерін халықаралық тіркеу жүйесі мәселелері жөніндегі бөлім өкілдерімен Мадрид хаттамасын қолдану аспектілері талқыланды, сондай-ақ ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі қадамдар белгіленді.

Сондай-ақ ДЗМҰ академиясының өкілдерімен нәтижелі кездесу өтті, оның шеңберінде Қазақстанның халықаралық білім беру бастамаларына қатысуын қоса алғанда, зияткерлік меншік саласындағы мамандарды даярлау жөніндегі ынтымақтастықтың нақты нысандары талқыланды.

Өткізілген кездесулер Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитеті мен ДЗМҰ, сондай-ақ шет елдер арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін растады және зияткерлік меншік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

Диалогтар тәжірибеге бағдарланған сипатқа ие және зияткерлік меншік құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосады.