Халықаралық Нельсон Мандела күні аясында өткен шарада Қазақстан сотталғандарға адамгершілікпен қарау және бостандықтарынан айырылған азаматтардың құқықтарын қорғау принциптерін берік ұстанатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл бағыттағы нақты қадам – рақымшылық жасау туралы заңның қабылдануы болды.
2025 жылдың 23 маусымында, Конституцияның 30 жылдығына орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 000 сотталған азаматтың жаза мерзімін қысқартуды және олардың бір бөлігін мерзімінен бұрын босатуды көздейтін заңға қол қойды. Олардың ішінде 2 000-нан астам адам жақын арада бостандыққа шығады.
Амнистия адам өміріне қауіпті емес қылмыс жасағандарға, сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал топтарға – балалы әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және қарт адамдарға қатысты қолданылады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар бұл заңның аясында қарастырылмайды.
Заңның мақсаты – түрмелердегі адам санының артуын төмендету, ұстау жағдайларын жақсарту және бұрынғы сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау. Бұл – қылмыстық саясатты ізгілендіруге және халықаралық стандарттарға сай реформалар жүргізуге бағытталған ауқымды өзгерістердің бір бөлігі.
Бұл бастама халықаралық серіктестер тарапынан оң бағасын алды. Еуропа Кеңесі мен Венеция комиссиясы бұл заңды Орталық Азия үшін үлгі ретінде атап, Қазақстанды әділ сот жүйесін қалыптастыру, соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және азаматтық бостандықтарды кеңейту жолындағы реформаларды жалғастыруға шақырды.
Бұл қадам – адамның қадір-қасиеті мен құқығын бәрінен биік қоятын, әділетті әрі ашық қоғам құруға деген Қазақстанның ұмтылысын айқын көрсетеді.