Бүгін Ботагөз Жақселекованың төрағалығымен ағымдағы жылдың 24-25 маусымында өтетін азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні қорғау рәсіміне арналған ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының отырысы өтті.
Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық құжаттардың бірі болып табылады, оның мақсаты азаматтық және саяси құқықтардың кепілдіктерін қамтамасыз ету болып табылады.
Отырыста мүдделі мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен жергілікті және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар дайындаған балама баяндамалар талқыланды.
Баяндамаларда ой, ар-ождан және дін бостандығы, араласусыз пікір білдіру бостандығы, бейбіт жиналыстар мен бірлестіктер құқығы, сайлау мен наразылық кезінде интернетті өшіру, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету сияқты сұрақтарда заңнама мен практиканы жетілдіру бойынша ұсыныстар бар.
«Адами өлшем бойынша диалог алаңы»отырысы азаматтық қоғамның ұсынымдарын талқылау және оларды кейіннен ұлттық заңнамаға және практикалық қызметке интеграциялау процесінің негізгі кезеңі болып табылады.
Отырысқа қатысушылар үкіметтік емес ұйымдардың ұстанымдары мен ескертулерін есепке алу қажеттігін атап өтті, сондай-ақ елдегі адам құқықтарын ілгерілету және қорғау мақсатында одан әрі ынтымақтастыққа бейілділігін растады.