Кездесу барысында тараптар адам құқықтарын ілгерілету, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт ережелерін іске асыру жөніндегі баяндамасын қорғауға дайындық, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясының консультациялық қолдауы секілді өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады.
Сессияда сөз сөйлеген Ерлан Сәрсембаев Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңғырту үдерісінде еуропалық серіктестермен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. 2024–2027 жылдарға арналған жаңа басымдықтар қатарында: азаптауларға қарсы күрес, әйелдер мен балалардың құқықтарын ілгерілету, сыбайлас жемқорлыққа, ақшаны жылыстатуға және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл, сот жүйесінің тәуелсіздігі мен тиімділігін қолдау, пікір білдіру және ақпарат тарату бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуын ілгерілету, сондай-ақ ұлттық және жергілікті деңгейлерде демократиялық басқару деңгейін арттыру мәселелері атап өтілді.
Ерлан Сәрсембаев Еуропа кеңесіне тұрақты сараптамалық қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстанның алған міндеттемелеріне бейілділігін атап өтті. Тараптар өзара құрмет пен құқықтық тұрақтылық қағидаттарына негізделген одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.