Әділет министрлігінің төрағалығымен "Адами өлшем бойынша диалог алаңы" отырысы өтті

Әділет министрлігінің төрағалығымен "Адами өлшем бойынша диалог алаңы" отырысы өтті

2025 жылдың 26 наурызында Әділет министрлігінің төрағалығымен осы жылдың 24-25 маусымында өтетін азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні қорғауға дайындық рәсіміне арналған "Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы" ҚР СІМ жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысы өтті.

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт азаматтық және саяси құқықтарды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, пактінің орындалуын қадағалауды БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті жүзеге асырады.

Отырыста мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті және халықаралық үкіметтік емес ұйымдар дайындаған балама баяндамаларды талқылады. Баяндамаларда әскери қызмет, азаптауға қарсы іс-қимыл, терроризмге қарсы күрес, сотталғандардың құқықтарын қорғау, жүріп-тұру және дін бостандығын қамтамасыз ету, кемсітушілікке жол бермеу және құқық қорғаушылардың қауіпсіздігі сияқты басым салаларда тәжірибені жетілдіру бойынша ұсынымдар баяндалған.

"Адами өлшем бойынша диалог алаңы" отырысы осы ұсыныстарды талқылау мен оларды кейіннен ұлттық заңнама мен практикаға енгізудің маңызды кезеңі болды.

Отырысқа қатысушылар үкіметтік емес ұйымдардың балама баяндамаларын талқылаудың маңыздылығын атап өтіп, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.