2006 жылы Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке (бұдан әрі – Пакт) қосылып, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға бейілділігін ресми түрде растады.
Пактке қатысу және БҰҰ алдында тұрақты есеп беру Қазақстанға маңызды артықшылықтар береді. Бұл – халықаралық беделді нығайту, өз құқықтық жүйесін жетілдіру, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын неғұрлым жоғары деңгейде қорғау мүмкіндігі.
Пакт өмір сүру құқығы, азаптауға тыйым салу, сөз, дін бостандығы, жеке өмірге қол сұқпаушылық және әділ сот, азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығы сияқты негізгі құқықтарға кепілдік береді.
Әділет министрлігі Пакт ережелерінің іске асырылуы бойынша мерзімді ұлттық баяндамаларды дайындауды үйлестіреді, сондай-ақ тиісті баяндамаларды қарау қорытындысы бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет) сарапшылары айтқан ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз етеді.
2025 жылғы 24–25 маусымда Женева қаласында қазақстандық делегация Пакт ережелерінің орындалуы бойынша Үшінші ұлттық баяндаманы Комитеттің 144-сессиясында таныстырды (бірінші баяндама 2011 жылы, екінші – 2016 жылы ұсынылған).
Делегация құрамына мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары мен өкілдері кірді (СЖҚІҚА, БП, СӘ, ІІМ, ДСМ, МАМ, СІМ, ОАМ, ЕХӘҚМ).
Қазақстан Пакт шеңберінде сегіз жылда бір рет өткізілетін жеңілдетілген шолу рәсіміне көшкенін ескере отырып, Комитет сарапшылары елдегі адам құқықтарының әртүрлі аспектілерін қамтитын кең ауқымды сұрақтар қойды.
Делегация соңғы жылдары орын алған маңызды реформалар туралы ақпарат ұсынды. Бұл – өлім жазасының жойылуы, зорлық-зомбылық үшін жазаның күшейтілуі, азаптаулар мен адам саудасына қарсы күрес, саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, сондай-ақ әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін квота енгізу.
Омбудсмен институтын жетілдіру, петициялар институтын енгізу, бейбіт жиналыстар туралы заңның қабылдануы, жала жапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті алып тастау және журналистер құқықтарын күшейту туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды.
Маңызды халықаралық хаттамаларды ратификациялау және БҰҰ-ның алты шарттық органының құзыретін тану туралы ақпарат айтылды.
Қорғау барысында азаматтық қоғамның адам құқықтарын сақтау ісін ілгерілетудегі белсенді рөлі атап өтілді. Комитет сарапшылары сұрақтарды тұжырымдаған кезде 22 балама баяндамада ұсынылған көптеген сындарлы ескертпелерді пайдаланды, бұл елдегі азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Аталған баяндамаларда кемсітушілікке жол бермеу, гендерлік теңдік, жек көрушілікті насихаттауға қарсы іс-қимыл, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен, терроризммен және экстремизммен күрес, өмір сүру және жеке бас бостандығы құқығын қамтамасыз ету, азаптауға тыйым салу, қамауда ұстау жағдайлары, босқындар құқықтарын қорғау, жүріс-тұрыс бостандығы, сондай-ақ сөз бостандығы мен жиналыстарға шектеу мәселелері бойынша ұсынымдар берілді.
2025 жылғы 24 маусымда өткен Қорғау отырысына Қазақстанның ҮЕҰ-дарының қатысқанын да атап өткен жөн. Бұл елдегі азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді.
Комитет сарапшыларына Қазақстанның адам құқықтары саласындағы жетістіктерін көрнекі түрде көрсету үшін Әділет министрлігі ақпараттық материалдар дайындап, таратты. Атап айтқанда:
Қорытынды бойынша Комитет сарапшылары қазақстандық делегацияның жүйелі тәсілін және ашықтығын атап өтті. 2022 жылғы қаңтар оқиғаларын тергеу, бейбіт жиналыстар және сөз бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету, сондай-ақ пенитенциарлық жүйедегі жағдайды жақсарту жөніндегі жұмыстар ерекше аталды.
Комитет сарапшылары дайындықтың сапасы мен мазмұнды жауаптар үшін алғыстарын білдірді. Талқылау конструктивті және достық жағдайда өтті.
Делегация мүшелері Пакт шеңберіндегі міндеттемелерді орындау жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды.
Бұдан әрі елде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға және демократиялық қоғам құруға бағытталған саяси реформаларды іске асыру жалғасатын болады.
Пактті қорғау елдің халықаралық беделін нығайтуда маңызды рөл атқарды. Бұл басталған реформаларды одан әрі жетілдіруге және адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған тағы бір маңызды қадам болды. Сондай-ақ бұл Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғауға бейілділігін растады.