Меню

Страницы

Статья

Тақырыбы: «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы кейбір сұрақтар мен жауаптар»

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Конституциялық соты жұмыс істей бастады. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заң қабылданды. Заң Конституциялық соттың қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру мәселелерін, Конституциялық Соттың құзыретін, конституциялық іс жүргізу тәртібін, оның ішінде азаматтардың өтініштерін қарауды регламенттейді.

1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының мәртебесі қандай?

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді.

Конституциялық Сот өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес және азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз, Қазақстан Республикасының Конституциясын және осы Конституциялық заңды басшылыққа алады, соттардың немесе басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін барлық жағдайларда өзге мәселелерді анықтаудан, зерттеуден және тексеруден қалыс қалады (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  1-бабы).

2. Конституциялық сот қанша судьядан тұрады?      

Конституциялық Сот Төрағаны және оның орынбасарын қоса алғанда, он бір судьядан тұрады (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  3-бабының 1-тармағы).

 3. Конституциялық соттың құрамы қалай қалыптасады?

Конституциялық Соттың Төрағасын лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімімен тағайындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды.

Конституциялық Соттың төрт судьясын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары төрағаларының ұсынуымен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  3-бабының 2, 3-тармақтары).

 4. Конституциялық Сот судьяларына шектеулер бар ма?

Конституциялық Сот судьясының лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін лауазымдармен айналысумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.

Егер Конституциялық Соттың судьясы лауазымға тағайындалған кезінде саяси партияда, кәсіптік одақтарда болса, тағайындалған күнінен бастап он күн ішінде олардағы өз мүшелігін тоқтатуға тиіс (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  4-бабының 2-тармағы).

5. Конституциялық соттың судьясына кандидаттарға қандай талаптар қойылады?

Конституциялық Соттың құрамына қырық жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында жоғары біліктілігі, мінсіз беделі және заң кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  5-бабы).

 6. Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі бар ма?

Конституциялық Сот Төрағасы мен судьяларының өкілеттігі сегіз жылға созылады. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  6-бабының 1-тармағы).

 7. Конституциялық Сот судьялары қалай ант береді?

Конституциялық Соттың судьялары өздері тағайындалғаннан кейін мынадай мазмұнда ант береді: «Өзiме жүктелген Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы мәртебелі мiндетiн адал әрі әділ атқаруға, турашыл болуға және өз қызметімде Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана бағынуға, оның үстемдігін қамтамасыз етуге салтанатты түрде ант етемiн.».

Конституциялық Сот судьяларының анты Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен қабылданады (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  7-бабы).

8. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі қандай жағдайларда тоқтатылуы мүмкін?

Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі, егер: судья денсаулық жағдайы бойынша қатарынан күнтізбелік алпыс күннен астам уақыт өз міндеттерін орындауға уақытша жарамсыз болған; заңда белгіленген тәртіппен оны ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім берілген; хабарсыз кетудің басталғаны туралы расталған деректер болған жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкін (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  8-бабының 1-тармағы).

9. Конституциялық Сот Төрағасының өкілеттігін кім тоқтатады?

Қазақстан Республикасының Президенті – Конституциялық Сот Төрағасының, ал Конституциялық Соттың Төрағасы Конституциялық Соттың өзге де судьяларының өкілеттігін тоқтата тұруды немесе қайта бастауды жүзеге асырады. Өкілеттіктерді тоқтата тұру туралы шешім өкілеттіктерді тоқтата тұруға негіздер анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қабылданады (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  8-бабының 2-тармағы).

10. Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі қалай тоқтатылады?

Конституциялық Сот судьясының өкілеттігі: лауазымнан өз еркі бойынша босату туралы өтініштің берілуі; Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату немесе тұруға ықтиярхат не шет мемлекеттің аумағында тұрақты тұру құқығын растайтын өзге де құжатты алу; оған қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі; соттың заңды күшіне енген шешімімен оның әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылуы; соттың заңды күшіне енген шешімімен оның хабарсыз кетті деп танылуы; оның қайтыс болуы немесе соттың заңды күшіне енген шешімімен қайтыс болды деп жариялануы; Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгіленген талаптар бұзыла отырып тағайындалуы; Конституциялық Сот судьяларына белгіленген Қазақстан Республикасының Конституциясы мен осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуы; Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің аяқталуы; судьяның Конституциялық Соттың отырыстарына дәлелді себептерсіз қатарынан кемінде үш рет қатыспауы салдарынан тоқтатылады (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  9-бабының 1-тармағы).

11. Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьяларының өкілеттігін кім тоқтатады?

Конституциялық Сот Төрағасының өкілеттігін тоқтатуды Қазақстан Республикасының Президенті осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырады.

Конституциялық Сот судьяларының өкілеттігін тоқтатуды тиісінше Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі осы баптың 1-тармағының 1), 2), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырады.

Конституциялық Сот судьясының өкілеттігін тоқтатуды Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырады.

Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын лауазымынан босату оның Конституциялық Соттың судьясы ретіндегі өкілеттігін тоқтатуға алып келмейді (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  9-бабының 2, 3, 4, 5-тармақтары).

12. Конституциялық Соттың судьялары қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін бе?

Қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, Конституциялық Соттың судьяларын өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  11-бабының 1-тармағы).

13. Конституциялық соттың шешімдері қандай нысанда қабылданады?

Конституциялық Соттың шешімдері: Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын нормативтік қаулылар; жолдаулар; қорытындылар; қаулылар нысанында қабылданады.

Нормативтік қаулылар, қорытындылар мен жолдаулар Конституциялық Соттың қорытынды шешімдеріне жатады.

Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары Қазақстан Республикасының атынан шығарылады (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  56-бабы).

14. Конституциялық соттың шешімдері қалай қабылданады?

Конституциялық Сот шешімдерді алқалы түрде қабылдайды.

Осы Конституциялық заңның 25 бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Конституциялық Сот шешімді ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысушы судьялардың көпшілік даусымен қабылдайды.

Егер шешім қабылдау кезінде Конституциялық Сот судьяларының дауыстары тең бөлінген болса, барлық жағдайларда өзінің дауысын ең соңынан беретін Конституциялық Сот Төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Конституциялық Соттың Төрағасын оның уәкілдік беру бойынша Конституциялық Соттың тиісті судьясы ауыстырған кезде бұл қағида қолданылмайды. Бұл жағдайда Конституциялық Сот Төрағасының немесе бірінші дауыс беруге қатыспаған судьясының қатысуымен қайтадан дауыс беру өткізіледі.

Конституциялық Соттың кеңесуі кезінде отырысқа қатысатын судьялардың ешқайсысы қалыс қалуға немесе дауыс беруге қатыспауға құқылы емес.

Конституциялық Сот қабылдаған шешімдер Төраға оларға қол қойғанға дейін дауыс беруге қатысқан Конституциялық Сот судьяларының қол қоюларымен алдын ала бекемделеді (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  58-бабы).

15. Конституциялық соттың қаулылары мен қорытындылары қашан күшіне енеді?

Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды. Өзге шешімдердің күшіне ену тәртібін Конституциялық Сот айқындайды (Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 5 қарашадағы № 153-VII «Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңының  62-бабының 1-тармағы).

 

 

Дата публикации
30 января 2023
Дата обновления
30 января 2023
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

19 марта 2025
Наурыз – ұлт ұлықтайтын ұлы мереке
Талдамалық мақала
28 февраля 2025
Заңды тұлғаларды және жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу процестерін автоматтандыру
04 февраля 2025
Жылдам әрі ыңғайлы: Республиканың барлық шалғайдағы ауылдық елді мекендерінде «Құқық кабинеттері» ашылды

Социальные медиа

YouTube
Facebook

Меню подвал

Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы