Заңнамадағы өзгерістер

Заңнамадағы өзгерістер

Заңнамадағы өзгерістер

«Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, сондай-ақ сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 11 маусымдағы № 306-VIII Қазақстан Республикасының Заңымен «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 31 мамырдағы Заңы мынадай мазмұндағы 7-1 баппен толықтырылды:

7-1-бап. Этномәдени бірлестіктер

1. Этномәдени бірлестік деп Қазақстан этностарының дәстүрін, тілдері мен мәдениетін сақтау және дамыту саласындағы азаматтардың мүдделерін қанағаттандыру мақсатында қоғамдық бірлестіктің, қоғамдық қордың, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым танылады.

2. Этномәдени бірлестіктің атауында “этномәдени бірлестік” деген сөздер қамтылуға тиіс, оларды этномәдени бірлестіктің атауында ғана пайдалануға жол беріледі.

Этномәдени бірлестіктің толық және қысқартылған атауы және оның нышандары Қазақстан Республикасында тіркелген мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға байланысты таратылған саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің атауы мен нышандарын толық немесе елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.

3. Этномәдени бірлестіктер жалпұлттық бірлік пен ынтымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісім қағидаттарын нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.

4. Этномәдени бірлестіктер өз мақсаттарына жету үшін коммуналдық мемлекеттік мекеме нысанында құрылатын достық үйлерімен өзара іс-қимыл жасайды.