
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі және он мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын шекті мөлшерін белгілей отырып, істердің санаты мен өндіріп алу сомасына қарай үштен жиырма бес пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді.
Баламен қарым-қатынас тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушыға және борышкерге бірдей үлестермен жүктеледі.
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхат берген тараптан өндіріп алынады.
Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхат мәлімдеген және талап қоюдан бас тартылған тұлғадан өндіріп алынады. Талап қою қанағаттандырылған жағдайда талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өзіне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданған тұлғадан өндіріп алынады.
Мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжаттың борышкері оны мәжбүрлеп орындатуға бергенге дейін орындаған жағдайда өндіріп алынбайды.