«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау үшін олардың қызметін персоналды басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы бағалау жүргізіледі. Бағалау бағаланатын адамның санатына байланысты нысаналы мақсатты индикаторларға (бұдан әрі - НМИ) қол жеткізу нәтижелері, саралау және 360 әдістері нәтижелерінің негізінде жүргізіледі. НМИ қол жеткізу нәтижелері мен саралау әдісі бойынша бағалау нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротация, мемлекеттік лауазымда жоғарылату, төмендету немесе жұмыстан босату бойынша шешімдер қабылдауға негіз болып табылады. Бағалауды ұйымдастырушылық сүйемелдеуді персоналды басқару қызметі қамтамасыз етеді. Персоналды басқару қызметі бағаланатын қызметшінің бағалау нәтижелерімен ол аяқталған соң екі жұмыс күні ішінде таныстыруды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның қызметін бағалау нәтижелеріне шағымдануға құқылы.