Қоғамдық бірлестіктер туралы

Қоғамдық бірлестіктер туралы

Қоғамдық бірлестіктерді құру, тіркеу ҚР  «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» 31 мамыр 1996 ж. № 3 Заңымен реттеледі.

Осы Заңңың 2 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың ортақ мақсаттарға жету үшін ерікті негізде құрылған, заңдарға қайшы келмейтін басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады және де коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер құрылып, жұмыс істеуі мүмкін. Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер республикалық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан азының аумағында өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар бірлестіктер аймақтық қоғамдық бірлестіктерге жатады.

Жергілікті қоғамдық бірлестіктерге Қазақстан Республикасының бір облысы шегінде жұмыс істейтін бірлестіктер жатады.

Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Қоғамдық бірлестіктер қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен өзге де заң актілері шеңберінде жүзеге асырады.

Қоғамдық бірлестіктер өз мүшелерінің (қатысушыларының) еріктілігі, тең құқықтылығы, өзін-өзі басқару, қызметінің заңдылығы, есептілігі мен жариялылығы негізінде құрылып, жұмыс істейді.

Қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде үш адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады және де осы Заңңың 13 бабында мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу үшін қажетті құжаттар топтамасы қарастырылған. Бұл ретте айта кету керек, жастар және мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерді тіркеу үшін 2 АЕК, басқа қоғамдық бірлестіктерді тіркеу үшін 6,5 АЕК тіркеу алымы төленеді.