
Сот орындаушысы өзінің іс жүргізуіне қабылдаған атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану үшін негіз болып табылады.
Сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралардың бірі борышкердiң банктердегi, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы мен мүлкiне тыйым салу болып табылады.
Сондай-ақ, борышкердiң банктердегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшалай сомаларынан өндiрiп алуды сот орындаушысы инкассолық өкiм шығару арқылы жүзеге асырады.
Айта кететін жәйт, сот орындаушыларына шоттың сипаттамалары көрінбейді, яғни олар бұл шоттардың не үшін ашылғаны жөніндегі (жалақы, зейнетақы, жәрдемақы немесе т.б.) ақпаратпен қамтылмайды.
Осыған байланысты, сот орындаушылары борышкердің барлық шоттарына тыйым салу туралы қаулыны жолдайды, бұл ретте Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес өндіріп алуға болмайтын ақшалай қаражаттарға тыйым салмау туралы белгі көрсетіледі.
Мұндай жағдайларда, егер борышкер сот орындаушысына аталған шотқа жалақы, зейнетақы, жәрдемақы немесе өндіріп алуға жатпайтын басқада төлемдер түсетінін растайтын құжаттарды ұсынса,бұл шоттан тыйым алынады.