Отбасы және отбасылық құндылықтар

Отбасы және отбасылық құндылықтар

СҚО Әділет департаментінде департамент басшысының орынбасары Гүлнара Қожахметованың төрағалығымен СҚО кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп "Отбасы және отбасылық құндылықтар" тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған іскер әйелдер кеңесінің өкілдері, Петропавл қалалық АХАТ бөлімінің басшысы, Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, Солтүстік Қазақстан облысы нотариаттық палатасының нотариусы және Әділет департаментінің мамандары қатысты.
Облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Қожахметова отбасында туындайтын мәселелерге, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастар арасындағы агрессия, қарым-қатынас және қоғамдағы отбасылық құндылықтарды қабылдау мәселелеріне тоқталды. Ол отбасы мен отбасылық құндылықтар кез-келген адамның өмірін құрайтын маңызды іргетас екенін, олар біртұтас тұлғаның үйлесімді дамуы үшін қажетті дағдыларды қалыптастыратынын атап өтті.
Сондай-ақ, мұнда кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы айтылып, бала тәрбиесіне байланысты дауларды шешу, неке және ажырасу статистикасы, неке шарттары, алимент төлемдері саласындағы атқарушылық іс жүргізу туралы сөз қозғалды.