Көшелердің атауын өзгерту кезінде құжаттардағы мекенжайды өзгерту қажет пе?

Көшелердің атауын өзгерту кезінде құжаттардағы мекенжайды өзгерту қажет пе?
Ғ.Мүсірепов атындағы ауданаралық Әділет басқармасы "құқықтық актілер туралы" ҚР Заңының 43-бабының 3-тармағына сәйкес азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе жағдайын нашарлататын нормативтік-құқықтық актілердің кері күші жоқ екенін түсіндіреді.
Осыған байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың елді мекендердің, көшелердің бұрынғы атауы көрсетілген ресми құжаттары өзінің заңды күшін жоғалтпайды. Атауын өзгерту азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдеріне акт жазбаларын, құрылтай құжаттарын және жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ауыстыру жөнінде міндет жүктемейді.
«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" ҚР Заңының 6-бабына сәйкес жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады.
Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының мемлекеттік органдардың шешімі бойынша, оның ішінде елді мекендердің атауы, көше аттары, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірі (мекенжайы) өзгерген кезде болған өзгерістерін мемлекеттік тіркеу мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.
Құқық иеленуші мәліметтерінің өзгеруін мемлекеттік тіркеу тіркеуші органға өтініш жасамастан, құқық иеленушіні хабардар ете отырып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
Әділет министрлігінің Мемлекеттік дерекқорларындағы елді мекеннің атауын өзгерту "Мекенжай тіркелімі"АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы автоматты режимде жүзеге асырылатын болады.
Азаматтар немесе заңды тұлғалар Мемлекеттік қызметтерді алуға өтініш білдірген кезде елді мекендер, көшелер атауының өзгергенін растайтын анықтамалар мен өзге де құжаттарды талап етуге жол берілмейді.