Абай ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықпен күресу - баршамызға ортақ іс» тақырыбында Жол көлік колледжі студентерімен кездесу өтті. Аталған іс-шара кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа бой алдырмауына бағытталды. Кездесуге Шымкент қаласы Әділет департаментінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімі-филиалының басшысы М.Мұхтаров, Тұран ауданы әкімдігі аппаратының бас инспекторы Р.Досан және бас маман А.Зайнуллаева, Абай ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Г.Құдайберген және «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» психологы Н.Мухамова қатысты.
Кездесу барысында жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, қиын жағдайға тап болғанда тығырықтан шығу, өз міндеттерін жете білу бойынша құқықтық кеңестер берілді. Сала өкілдері өз тәжірибелерінде орын алған өмірлік жағдайлар мен заңды фактілер туралы бөлісті. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мәселелері бойынша құқықтық түсіндірмелер беріліп, ол туралы жадынамалар таратылды.