Жеке сот орындаушылардың жауапкершілігі күшейтіледі

Жеке сот орындаушылардың жауапкершілігі күшейтіледі

   Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Айнұр Исабекованың қатысуымен ақпараттық-коммуникациялық орталығында сот орындаушыларының қызметін реттеу саласы бағытындағы жұмыстар жөнінде баспасөз брифингі өтті. Басқосу барысында Айнұр Ақжігітқызы алимент өндіру бойынша сот орындаушыларына қатысты жауапкершілік күшейтілгендігін баяндады. Яғни, егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайда әділет органдарының талап арызы негізінде лицензиясынан айырылуға жататынын жеткізді. Бұдан бөлек, осы негіздермен сотқа енгізілген талап қою арыздары бойынша өткен жылы 2 жеке сот орындаушысы лицензияларынан айырылғанын айтты. Сондай-ақ алименттік өндірістер санатындағы істермен айналысатын 5 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылғанын, алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізіліп жатқанын жеткізді.