ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ ХАБАРЛАЙДЫ

ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРЛІГІ ХАБАРЛАЙДЫ

Әлеуметтік желілерде және атқарушылық іс жүргізу бойынша қызмет көрсететін жекелеген тұлғалардың жеке аккаунттарында 2026 жылдың 8 қыркүйегінен бастап нотариустардың атқарушылық жазбалардың күшін жою жөніндегі өкілеттіктерінен айырылғаны, ал борышкерлер оларды тек сот тәртібімен ғана дауласа алатыны туралы ақпарат таралуда.
ҚР Әділет министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және заңнамаға енгізілген өзгерістерді дұрыс қолданбауға негізделгенін хабарлайды.

2026 жылғы 8 шілдеде «Нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР №343-VIII Заңы қабылданды. Аталған заңмен атқарушылық жазбаны жасау, оның күшін жою және орындау тәртібін реттейтін нормаларға өзгерістер енгізілді.
Борышкердің нотариусқа қарсылық білдіру құқығы жойылған жоқ. Нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жою жөніндегі өкілеттігі де сақталады.
Борышкер хабарламаны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өндіріп алушы мәлімдеген талапқа қарсылық білдіруге құқылы. Қарсылықта өндіріп алушының талабымен келіспеуінің нақты себептері көрсетілуге тиіс («Нотариат туралы» Заңның 92-6-бабының 2-тармағы).

Тиісті түрде берілген қарсылық келіп түскен кезде нотариус заңда көзделген жағдайларда атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады.
Бұл ретте қарсылықта келіспеу себептері көрсетілмесе немесе ол белгіленген 10 жұмыс күндік мерзімді бұза отырып берілсе, нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тартады.
Заңда маңызды норма көзделген: егер атқарушылық жазба негізінде сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғаған болса, онда атқарушылық жазбаға дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Осылайша, «нотариустар атқарушылық жазбалардың күшін жоймайды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.


Атқарушылық жазба борышкердің тіркелген жері бойынша жасалады
Атқарушылық жазбалар бойынша аумақты баламалы түрде таңдау мүмкіндігі алынып тасталады.
Енді атқарушылық жазба жеке немесе заңды тұлға болып табылатын борышкердің тіркелген жері бойынша жасалады.