
2026–2027 жылдарға арналған «Адал азамат» идеологиясы шеңберіндегі Жол картасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің тілдік дағдыларын жетілдіру және көптілділік мәдениетін қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласында «Тіл шебері» қалалық байқауы өткізілді.
Байқауға Шымкент қаласының Әділет департаментінің қызметкері Арайлым Оралбекова белсенді қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, сондай-ақ кәсіби қызметте қазақ, орыс және ағылшын тілдерін тиімді қолдану бағытындағы білімі мен біліктілігін көрсетті.
Іс-шара мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік қабілеттерін дамытуға, тілдік құзыреттерін жетілдіруге және халықпен жұмыс істеу сапасын арттыруға бағытталды. Бұл бағыттағы жұмыстар Жол картасының 20-тармағында көзделген «Speaking Club» форматындағы кездесулер мен тілдік дағдыларды дамытуға арналған семинарлардың мақсат-міндеттерімен үндеседі.
Байқау барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі, кәсіби қызметтегі тіл мәдениеті және көптілділіктің артықшылықтары жөніндегі тапсырмалар бойынша бақ сынасты. Қатысушылардың өнері мен білімін тәжірибелі мамандарда құралған қазылар алқасы бағалады.
Осындай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін арттырумен қатар, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін қалыптастыруға және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге ықпал етеді.