
Аналар күні мерекесіне орай Шымкент қаласының Әділет департаментінде көпбалалы аналарды құрметтеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын барысында отбасы құндылықтарын дәріптеп, ана мәртебесін асқақтатып жүрген қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды.
Алғыс хаттарды Шымкент қаласының Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова салтанатты түрде табыстап, аналардың қоғамдағы және отбасыдағы ерекше рөліне тоқталды.
«Ана — отбасының тірегі, ұлт тәрбиесінің негізі. Көпбалалы аналар тек шаңырақтың берекесін емес, қоғамның тұрақтылығы мен болашағын қалыптастырып отырған жандар. Сіздердің еңбектеріңіз бен төзімдеріңіз зор құрметке лайық. Баршаңызды Аналар күнімен шын жүректен құттықтаймын!» — деп атап өтті Айнұр Ақжігітқызы.
Іс-шарада марапат иелеріне ізгі тілектер айтылып, аналарға құрмет көрсетілді.