ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ ЖӘНЕ ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ ЖӘНЕ ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 2026–2027 оқу жылына құжат қабылдау қағидалары бойынша «Ашық есік» күні және түлектермен кездесу іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдегі мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру, кадрлық әлеуетті арттыру, сондай-ақ Академияның білім беру бағдарламалары мен жаңа бағыттарын таныстыру болды.

Жиын барысында Басқару институтының директоры Құралай Садыкова Академия бағдарламаларындағы негізгі өзгерістерді таныстырды.

Іс-шара аясында Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің доценті Әлия Дауешова «Өзін-өзі басқару және үздіксіз даму» тақырыбында, Дипломатия институтының бас сарапшысы Сәуле Досбатырова «Білімге негізделген дипломатия» тақырыбында баяндама жасады.

Цифрландыру және инновациялар институты директорының орынбасары Саида Садуақасова жасанды интеллект пен цифрлық мемлекеттік басқару саласындағы жаңа мамандықтар мен мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берді.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы бойынша Әділет департаментінің басшысы, Академия түлектері қауымдастығының өңірлік өкілі Айнур Исабекова Академияда білім алудың кәсіби дамуға қосатын үлесі жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті.

Кездесу соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, Академияға қабылдау талаптары, білім беру бағдарламалары және оқу мүмкіндіктері бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.