
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың қатысуымен ҚР Әділет министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысында Жаңа Конституцияның жобасы қаралды.
Жиынға Қазақстан заңгерлер одағының, Халықаралық заңгерлер қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ адвокатура, нотариат және өзге де құқықтық институттар мен заңгерлік қауымдастық өкілдері қатысты.
Қоғамдық кеңесте Конституцияға енгізілетін жаңартулар Преамбуладан бастап, конституциялық құрылым негіздері, жария билікті ұйымдастыру, сот төрелігі мен мемлекеттік басқару тетіктеріне дейін барлық бөлімдерді қамтитыны айтылды.
Сонымен қатар қатысушылар жаңа Конституция жобасындағы негізгі жаңашылдықтарға тоқтала отырып, құжаттың ашық форматта әзірленіп, жарты жыл бойы талқыланғанын және Әділетті Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтары айқын көрініс тапқанын айтты.
Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері жаңа Конституция жобасының қазіргі заман талаптарына, қоғам сұранысына, адам құқықтарының басымдығына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық сай келетінін атап өтті.